
ЕҰУ екінші QS Eurasia форумын ресми өткізу құқығына ие болды



















25 қарашада Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында Central Asia University алаңында «Көкжиектерді кеңейту: жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбындағы алғашқы QS Eurasia форумы өтті.
Форумның басты жаңалығы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 2026 жылы екінші QS Eurasia Forum-ды өткізу құқығының салтанатты түрде табысталуы болды. Quacquarelli Symonds компаниясының президенті және директорлар кеңесінің төрағасы Нунцио Квакварелли ректор Ерлан Сыдықовқа QS-тің ресми сертификатын тапсырды.
Бұл маңызды шешім ЕҰУ-дың Еуразия өңіріндегі жетекші университеттердің бірі ретінде мойындалғанын көрсетеді әрі оның халықаралық беделінің артқанын айғақтайды. Эстафетаны табыстау рәсімі іс-шараның шарықтау шегі болып, әлемдік академиялық қоғамдастықтың жоғары сенімін көрсетті. ЕҰУ бұл құқықты өңірдегі университеттер арасында жеңіп алып, жаһандық әріптестік, академиялық алмасу және ғылыми дипломатия салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Форумға Еуразия, Оңтүстік-Шығыс Азия және араб елдерінің жоғары оқу орындары өкілдері, халықаралық білім сарапшылары және министрлік басшылары қатысты. ЕҰУ атынан форумға университет ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ қазақстандық делегация құрамында стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов болды.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде жаһандық жоғары білім жүйесінің трансформациясына тоқталып, Орталық Азияның бірегей мүмкіндіктерін атап өтті:
«Бүгінгі таңда жоғары білім берудің жаһандық жүйесі ауқымды өзгерістерге ұшырауда. Біздің аймақ – жас, қарқынды дамып келе жатқан және болашағы зор орталық. Жасанды интеллект экономика мен білім беру жүйесін өзгертіп жатыр, сондықтан біз бұл өзгерістерге дайын болуымыз қажет. Жаңа мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек», - деді министр.
Форум барысында сондай-ақ QS Quacquarelli Symonds президенті Нунцио Квакварелли, жоғары білім беру жүйесінің өкілдері және халықаралық сарапшылар сөз сөйледі.
Пленарлық сессиялар мен панельдік пікірталастарда қатысушылар жасанды интеллектті білім беру бағдарламаларына енгізу, түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықаралық әріптестік стратегиялары, студенттердің академиялық ұтқырлығының жаңа трендтері және QS World University Rankings рейтингтеріне дайындық мәселелерін талқылады.
