
ЕҰУ-де IT-әзірлемелер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

Цифрландыру күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттер, магистранттар және докторанттар арасында өткен IT-әзірлемелер байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Байқаудың мақсаты – университет білім алушылары әзірлеген үздік цифрлық шешімдерді анықтау және қолдау, сондай-ақ жастардың инновациялық ойлау қабілетін және тәжірибелік IT дағдыларын дамытуға ынталандыру.
Марапаттау рәсіміне Басқарма мүшесі – Цифрландыру жөніндегі проректор, Цифрлық офицер Гүлмира Бекманова, факультет өкілдері, құрылымдық бөлімдердің басшылары, студенттер және байқау қатысушылары қатысты.
«Цифрландыру – бұл жай ғана технология емес, бұл тиімділік, ашықтық және өзара ынтымақтастық мәдениеті. Университетіміздің студенттері білім ордамызды одан әрі ақылды әрі заманауи етіп қалыптастыратын шешімдердің авторы болып отырғанына қуаныштымын. Олардың идеялары – ЕҰУ мен тұтас елдің цифрлық болашағына қосқан үлесі», — деп атап өтті Г. Бекманова.
Байқау жеңімпаздары:
1 орын – Атығаев Оразалы Талғатұлы. E.N.U.R.A. Студенттер мен оқытушыларға арналған интеллектуалды көмекші. Бұл жүйе оқу үдерісіне қатысты сұрақтарға жылдам жауап беріп, Smart.ENU экожүйесіне біріктіріледі.
2 орын – Базарбай Әли Азатұлы. Jumys Tabu. Студент пен жұмыс берушіні байланыстыратын платформа. Ол студенттерге тәжірибе мен мамандығы бойынша жұмыс табуға мүмкіндік береді.
2 орын – Байғанина Жанель Бақытбекқызы. Detect AI. Куәгерлік мәтіндерді және құқықтық құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде талдауға арналған LegalTech жүйесі.
3 орын – Ельтаев Әділхан Уәлиханович. Smart Room. Университеттегі аудиторияларды брондау және іс-шараларды ұйымдастыруға арналған цифрлық шешім.
3 орын – Бегалы Айшағүл Пірәліқызы. Заңды құжаттарды бейімдеуге арналған AI жүйесі. Екі тілде заңды құжаттарды тез дайындап, рәсімдеуге мүмкіндік беретін жүйе.
3 орын – Радолда Едіге. IT Bilim. Информатика мен бағдарламалауды оқытуға және олимпиадалық дайындыққа арналған интерактивті білім беру платформасы.
Жеңімпаздарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды, сондай-ақ олардың жобалары Smart.ENU экожүйесіне енгізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.
Цифрлық даму департаменті барлық қатысушыларға белсенділігі, шығармашылық көзқарасы және университеттің цифрлық мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.
