
Елдер арасындағы кванттық альянс мәселелерін жақын және алыс шетелден келген сарапшылар мен ғалымдар ЕҰУ-да талқылады












Бүгін Еуразия ұлттық университетінде «Кванттық артықшылық: әлемдік трендтер мен жетістіктер. Қазақстан Республикасы аймақтық альянсы» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев, Еуразия ұлттық университетінің ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, сондай-ақ Үндістан, Канада, Малайзия, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан сынды жетекші мемлекеттердің сарапшылары мен ғалымдары қатысты.
Конференцияны ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева құттықтау сөзімен ашты.
«Цифрлық дәуір табалдырығын нық басып кірген бүгінгі заманда жасанды интеллект – тек технологиялық прогрестің жемісі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторлардың біріне айналып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында елдің толыққанды цифрлық державаға айналуы – алдағы үш жылдағы стратегиялық мақсат ретінде белгіленді.
Елдік кванттық альянстың маңызы күн сайын артып келеді. Бұл – халықаралық ынтымақтастықтың жаңа форматы, онда мемлекеттер ғылыми прогресті жеделдету және технологиялық тәуекелдерді азайту мақсатында ресурстарын, таланттарын және инфрақұрылымын біріктіреді. Мұндай альянстар зерттеулердің ашықтығын күшейтіп, академиялық мобильдікті дамытады, кванттық процессорлармен алмасуға, ашық стандарттарды қалыптастыруға және цифрлық дәуірде сенім орнатуға мүмкіндік береді.
Біздің университет осы жаһандық үрдістердің белсенді қатысушысы болуға ұмтылады. Біз зертханаларды дамыту, мамандар даярлау бағдарламаларын іске асыру, индустриялық әріптестік пен халықаралық консорциумдарға арналған платформалар құру жұмыстарын жалғастырудамыз. Бұл алғашқы кездесу өңіріміз бен бүкіл әлем үшін технологиялық артықшылық пен қауіпсіздік әкелетін орнықты кванттық экожүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», - деді проректор.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев өз сөзінде қазіргі кезең – жаңа технологиялық дәуірдің бастау шағы екенін, бұл дәуірде кванттық шешімдер (есептеу, байланыс, сенсорлар, материалдар) алыс ғылым емес, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы болып келе жатқанын ерекше атап өтті.
«Кванттық артықшылық – абстрактілі ұғым емес. Ол деректер экономикасында, киберқауіпсіздікте, медицинада, энергетикада және стратегиялық салаларда қай мемлекеттердің көшбасшылыққа жететінін айқындайды», - деді вице-министр.
ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмаран Сейілов өз сөзінде бүгінгі кездесудің кванттық технологияларға – болашақта есептеулерді, коммуникацияларды және қауіпсіздікті түбегейлі өзгертетін жаңа құралдарға арналатынын атап өтті.
«Бүгінгі конференцияның мақсаты – кванттық дамудың негізгі бағыттарын талқылау үшін ғалымдарды, инженерлерді, кәсіпкерлерді және мемлекеттік органдар өкілдерін біріктіру. Олардың қатарында: масштабталатын кванттық есептеу жүйелерін құру; қауіпсіз кванттық коммуникациялық инфрақұрылымды енгізу; жаңа буын кванттық сенсорларын дамыту; кадрлар даярлау және индустриялық серіктестіктер экожүйесін қалыптастыру; кванттық технологиялар саласында нормативтік және халықаралық келісімдерді әзірлеу мәселелері бар.
Бүгін бізге Үндістан, Канада, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан елдерінің жетекші сарапшылары қосылды. Назарбаев Университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Сәтбаев университетіндегі әріптестеріміз онлайн форматта қатысып отыр. Ынтымақтастық біздің прогресіміз үшін аса маңызды. Біздің мақсатымыз айқын: бір-бірімізден үйрену, пікір алмасу және жемісті серіктестік орнату. Қазақстан кванттық технологиялар саласында көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз посткванттық киберқауіпсіздік технологиялары, екі және үш кванттық жүйелерге арналған көпөлшемді математика бағытындағы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», - деп атап өтті ғалым.
Шахмаран Сейілов сондай-ақ конференцияға қатысқан Үндістан, Канада, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан сарапшыларына өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салғаны үшін алғыс білдірді.
Конференция барысында қатысушылар Ақкөл қаласында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және кванттық зерттеулерге бағдарланған ғылым қалашығын құру бастамасын қолдады.
Іс-шара барысында ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің студенттеріне кәсіби курсты сәтті аяқтағаны үшін Ferro Technics Тәуелсіз сертификаттау орталығының халықаралық сертификаттары табысталды.
