
Журналистика бойынша УМО РУМС жобалық тобының алғашқы отырысы ЕҰУ-де өтті





Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі Оқу-әдістемелік бірлестігінің (РОӘК ОӘБ) «Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының алғашқы мәжілісі өтті. Жиын Microsoft Teams платформасы арқылы онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырылды.
Мәжіліске еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының өкілдері, ақпараттық-коммуникациялық сала мамандары, медиа және PR индустриясының сарапшылары қатысты. Отырысты академиялық мәселелер жөніндегі проректор, ОӘБ төрағасының орынбасары Ардақ Бейсенбай жүргізді.
Жиын барысында алдымен секцияның 2025–2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспары мен құрамы қаралды. Секция жетекшісі Нұржан Қуантаев ұсынылған жоспарды таныстырып, білім беру бағдарламаларын медиа нарық талаптарына бейімдеу, салалық журналистиканы дамыту, оқу процесіне практиктерді тарту және цифрлық медиақұзыреттерді күшейту бағыттарына ерекше назар аударды.
Мәжілісте салалық журналистиканың даму перспективалары да талқыланды. Қатысушылар экономика, медицина, құқық, экология сияқты бағыттарда кәсіби журналистерге сұраныс артып отырғанын атап өтті. Университеттерде салалық журналистикаға арналған жеке траекториялар әзірлеу қажеттігі талқыланды. Бұл – медианарықтағы білікті кадр тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.
Отырыста PR бағытындағы білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі де қызу пікірталас тудырды. Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Шайтмағанбекқызы ЖИ-дың медиажоспарлау, аудиторияны талдау, контент генерациясы және коммуникациялық кампанияларды автоматтандырудағы рөліне тоқталды. Қатысушылар ЖИ технологияларын оқу процесіне кезең-кезеңмен енгізу және этикалық нормаларды күшейту қажет екенін айтты.
Кітапхана ісі, архив және құжаттану саласындағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселесі де назардан тыс қалмады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Калима Туенбаева ақпараттық инфрақұрылымның жаңа талаптарына сай болашақ мамандарды даярлау үшін халықаралық стандарттарды енгізудің маңызын атап өтті. FAIR қағидаттары, DOI–ORCID–ROR жүйелері, метадеректердің ISBD, RDA, MARC21, Dublin Core стандарттары, репозиторийлер және зерттеу деректерін басқару модульдерін білім беру бағдарламаларына қосу жөніндегі ұсыныс топ мүшелері тарапынан қолдау тапты. Сонымен бірге ғылыми зерттеулерге арналған Scite, Semantic Scholar, Elicit, Connected Papers секілді заманауи AI құралдарын оқытуға енгізу маңыздылығы да айтылды.
Мәжіліс қорытындысында қатысушылар журналистика, PR, кітапхана ісі және ақпараттық ғылымдар саласында кадр даярлау жүйесін жаңғырту, цифрлық және практикалық құзыреттерді күшейту, халықаралық стандарттарға негізделген оқу модульдерін енгізу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісіп, шешімдер шығарды. Бұл отырыс ЕҰУ-дің ақпараттық-коммуникациялық саладағы білім беру сапасын арттыруға және ұлттық кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған стратегиялық бастамаларының бір бөлігі болып табылады.
