
Аудит және салық салу жөніндегі жобалық топтың отырысы ЕҰУ базасында өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің оқу-әдістемелік бірлестігі (РОӘК ОӘБ) «Бизнес және басқару» (Аудит және салық салу) кадрларды даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының №1 мәжілісі өтті. Жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілдері, кәсіби бірлестіктер, бизнес қауымдастық және жұмыс берушілер қатысты.
Мәжілісті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай ашты. Жұмыс барысында цифрлық дәуірде «Аудит және салық салу», «Мемлекеттік аудит» бағыттары бойынша кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері көтерілді.
Кеңес модераторы А.Бейсенбай қазіргі экономиканың қарқынды өзгеруі білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыратынын, сондықтан оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына бейімделіп, цифрлық құзыреттерді дамытуға ерекше назар аударылуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік аудит органдарымен, кәсіби ұйымдармен және жұмыс берушілермен серіктестікті нығауту қажеттігін айтты.
Мәжіліс барысында алты негізгі мәселе қаралды. Алғашқы талқыланған мәселе 2025–2026 оқу жылына арналған секцияның жылдық жұмыс жоспары мен құрамы болды. Секция жетекшісі Ляззат Сембиева ұсынылған жоспардағы басты бағыттарды, жаңа оқу жылына ұсынылған құрам таныстырып өтті. Бұл өзгерістер секция жұмысын жандандыруға және кәсіби бағыттар бойынша сараптамалық әлеуетті күшейтуге бағытталған.
Отырыста М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы сертификаттау орталығының тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Бұл бағытта сөз алған Дінмухаммед Шайкин сертификаттау орталықтарының студенттердің кәсіби дағдыларын дамытудағы маңызына тоқталды. Талқылау кезінде қатысушылар ЖОО-ларда осындай орталықтардың жұмысын кеңейту, 1С франчайзи серіктестерімен бірлескен білім беру жобаларын іске қосу, сондай-ақ кәсіби пәндерге практик-мамандарды тарту қажеттілігі жөнінде ұсыныстар айтты.
Мемлекеттік аудиторларды цифрлық трансформация жетістіктеріне бейімдеу мәселесі де күн тәртібінде қозғалды. Бұл бағыттағы баяндаманы Астана қаласы бойынша ІМАД басшысы Мұрат Оразбай ұсынды. Ол аудит саласында цифрлық құзыреттердің ерекше маңызға ие болып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, Data Analytics, Forensic Audit, Cybersecurity модульдерін міндетті пәндер қатарына енгізу, нақты және анонимдендірілген деректермен жұмысқа негізделген практикалық тапсырмаларды көбейту және халықаралық тәжірибеге сай кәсіби емтихандарды өткізу ұсынылды.
ЕҰУ профессоры Сауле Сапарбаева мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Бажан Туребекова Білім беру кеңістігіндегі жаңа трендтер туралы баяндама жасады. Сарапшылар білім беру бағдарламаларын цифрлық трансформация талаптарына жедел бейімдеу, студенттердің цифрлық және аналитикалық дағдыларын күшейту және заманауи білім беру платформаларына бейімдік мәселелерін көтерді. Сондай-ақ lifelong learning қағидаттарын енгізу бүгінгі таңда білім беру жүйесінің негізгі бағыттарының бірі екені атап өтілді.
Мәжіліс соңында секцияға ұсынылған оқу әдебиеттері қаралып, барлық ұсыныстар талқыланып, шешімдер қабылданды. Қатысушылар жаңа оқу жылында кадрлар даярлау сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығына бейімдеуге және цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған жұмыстарды бірлесе жалғастыруға ниет білдірді.
