
Әлеуметтік сала мамандарын даярлау мәселелері республикалық оқу-әдістемелік кеңесте талқыланды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің Оқу-әдістемелік бірлестігі «Әлеуметтік жұмыс» кадрларды даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының кезекті мәжілісі өтті.
Мәжілісті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, Жобаларды басқару тобының төраға орынбасары Ардақ Бейсенбай ашып, «Әлеуметтік жұмыс» мамандарын даярлаудың маңыздылығын және кәсіби даярлықты қазіргі талаптарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.
Алғашқы болып сөз алған секция жетекшісі Құралай Мұхамбетова 2025 – 2026 оқу жылына арналған секцияның жұмыс жоспарын таныстырып, болашақтағы негізгі міндеттерді атап өтті. Оның ішінде оқу-әдістемелік құжаттарды жаңарту, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселелері қамтылды. Қатысушылар ұсыныстарды талқылап, жоспар бекітілді. Жаңартылған құрам талқыланып, отырыс мүшелері тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар Қ.Мұхамбетова жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағыттарының сыныптауышына өзгерістер енгізу туралы бастама көтеріп, бұл ұсыныстың қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай екенін атап өтті. Қатысушылар бұл мәселенің өзектілігін негіздей түсіп, шешімдерін ұсынды.
Отырыс барысында ерекше қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі – ЕҰУ мен Георг Симон Ом атындағы Нюрнберг Техникалық жоғары мектебі жүзеге асырып отырған халықаралық SOLID-2 жобасы болды. Әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы Гүлазия Исахова жоба аясында әзірленген бірлескен оқу материалдары, оқытушылардың қатысу тәжірибесі және халықаралық серіктестік мүмкіндіктері туралы баяндап берді. Қатысушылар бұл жұмыстың әлеуметтік жұмыс саласындағы білім беру сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтіп, жобаның нәтижелерін оқу-әдістемелік базаға енгізу жөнінде ұсыныс жасады.
Мәжіліс соңында барлық ұсыныстар мен шешімдер қабылданып, секцияның алдағы кезеңдегі міндеттері айқындалды. Жиын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуге, оқу-әдістемелік жұмысты жетілдіруге және халықаралық серіктестікке бағытталған маңызды алаң ретінде қорытындыланды.
