
Драматургтің тағылымды дәрісі







Бүгін «Драматургия жанрлары» («Медиаөнер» БББ) пәнінен (Пән оқытушысы: ф.ғ.к. Умбетова А.К) білім алушыларға филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, драматург Кенжебай Ахметов дәріс оқыды. Республикалық театрлар фестивалінде Бас жүлде иеленген «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» қойылымының әдеби нұсқасының, «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде» деп аталатын сатиралық комедиясының, «Шырақ» тарихи драмасының, «Шырға алаңында» драмасының авторы ретінде шығармашылықтың қызығы мен қиындығы жөнінде әңгімеледі.
К.К. Ахметов «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары қатарынан «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы» аталатын 4 томдықтың үшінші және төртінші томдарын, «Ежелгі Шығыс әдебиеті» жинағын, Дж.Боккаччоның «Декамерон» новеллалар кітабын, Дантенің әйгілі «Құдіретті комедия» поэмасын аударған.
Білім алушылардың қызығушылығын тудырған көптеген сұрақтарға жауап бере отырып, оларға бәсекеге қабілетті маман болудағы білімнің маңыздылығына тоқталды. К.К. Ахметов: «Өнердiң заңдылығы мүлде басқаша. Өнердегi жаңа нәрсе өзiнен бұрынғыны жоққа шығару арқылы емес, оны шығармашылықпен игере отырып, жетiлдiре отырып жасалады. Уақыт жағынан кейiн жасалған туынды өзiнен бұрынғы дүниенi жойып жiбермейдi, керiсiнше бiрiн-бiрi толықтыра отырып, қатар өмiр сүре бередi. Оның сыры – шынайы өнер туындысының мәңгiлiк маңыздылығында, мәңгiлiк құндылығында» деп түйіндеді.
