
ЕҰУ-да Инклюзивтік-тьюторлық сүйемелдеу зертханасы ашылды















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Инклюзивтік-тьюторлық сүйемелдеу зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны университеттің педагогика кафедрасы ұйымдастырды. Зертхана қызметінің негізгі мақсаты - инклюзивті білім беру міндеттерін шешуге бағытталған ғылыми-эксперименттік және педагогикалық тәжірибелердің табысты нәтижелерін жинақтап, білім беру ұйымдарына инклюзивті оқытуды енгізуге ықпал ету.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай зертхананың маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінгі шара – инклюзивті білім беруді дамытудағы маңызды қадам. Білім жоғар мектебі, педагогика кафедрасына қарасты Инклюзивтік-тьюторлық сүйемелдеу зертханасы инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беруді қажет ететін студенттерге қолдау көрсету және педагогикалық кадрлардың кәсіби даярлығын арттыру мақсатында құрылып отыр. Еуразия ұлттық университеті инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми зерттеулерді нығайта отырып, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге білім алудың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ұмтылады», - деді проректор.
Қатысушылар зертхананың материалдық-техникалық базасымен танысты. Лабораторияда аутизмнің ерте диагностикасы үшін ADOS-2 әдістемесі, тілдік және оқу дағдыларын бағалау үшін ABLLS-R әдістемесі, көру қабілеті төмен адамдарға арналған компьютерлік бағдарламалар, RS700 портативті электрондық бейне үлкейткіші, Compact 7 HD бейне үлкейткіші және ОПҚ әдістемелік құралдарымен жабдықталған сөре орнатылған. Бұл құралдар оқу процесінде жеке тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, Білім жоғары мектебінің директоры Баубек Сомжүрек, Инклюзивті қолдау орталығының жетекшісі-супервизоры Ярослава Ковалева, А. Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің дефектологы Айдана Оймауытова, педагогика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
