
ЕҰУ-де «Түркология» бағыты бойынша РОӘК ОӘБ Жобалық тобының алғашқы отырысы өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің Оқу-әдістемелік бірлестігі (РОӘК ОӘБ) «Түркітану» кадрларды даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының бірінші мәжілісі өтті.
Мәжілісті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, Жобаларды басқару тобының төраға орынбасары Ардақ Бейсенбай ашып, түркітану саласы мамандарын даярлаудың стратегиялық маңызына тоқталды. Ол қазіргі жаһандану жағдайында түркі дүниесіне қатысты ғылыми бағыттарды дамыту, ұлттық құндылықтарды зерттеу, лингвистикалық және тарихи мұраны жүйелі оқыту қажеттігін атап өтті.
«Түркітану» бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының жетекшісі Жадыра Айдарьбекова жұмыс жоспарымен таныстырып өтті. Ол 2025–2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспарын таныстырып, секцияның негізгі бағыттарына тоқталды. Жоспарда:
оқу-әдістемелік құжаттарды жаңарту;
білім беру бағдарламаларын еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру;
ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру;
профессорлық-оқытушылық құрам арасында тәжірибе алмасуды күшейту сияқты басымдықтар қарастырылды.
Жоспар талқыланып, бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар алғашқы мәжілісте секцияның жаңартылған құрамы да таныстырылып, құрамға еліміздің жетекші ЖОО мен ғылыми орталықтарының тәжірибелі мамандары енгізілді. Жаңартылған құрам түркітану саласындағы сараптамалық әлеуетті арттырып, секцияның тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының доценті Гүлжанат Бегимова түркітану мамандарын даярлау бағытында жетекші және ірі жұмыс берушілермен бірлесіп жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарын ұсынды. Жоспарға жыл сайын жұмыс берушілермен кездесу өткізу, түлектердің кәсіби портфолио платформасын жасау (резюме, зерттеулер, алғыс хаттар, жетістіктер), студенттердің практикалық даярлығын күшейтуге бағытталған бірлескен жобалар енгізу сияқты маңызды ұсыныстар енді. Қатысушылар бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, оны бекітті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі Раушан Авакова 2025–2026 оқу жылына арналған магистратура мен докторантура тақырыптарының тізімін университетаралық деңгейде үйлестірудің қажеттілігін көтерді. Ол ғылыми бағыттардың бірізділігі мен өзектілігін қамтамасыз ету, соңғы бес жылдағы зерттеу тақырыптарының базасын жүйелеу қажеттігін атап өтті. Бұл ұсыныс толық қолдау тапты.
Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркі филологиясы кафедрасының меңгерушісі Сенбек Бейсембекұлы «Түркітану» білім беру бағдарламаларын іске асырудағы проблемалар мен оларды шешу жолдарын баяндады. Ол оқу әдебиеттерінің жеткіліксіздігі, практикалық бағыттағы пәндердің аздығы, цифрлық ресурстар мен архивтердің тапшылығы, халықаралық академиялық ұтқырлықты кеңейту қажеттігі сияқты мәселелерді атап өтті. Қатысушылар бұл бағытта бірлескен жобалар әзірлеу, цифрлық платформаларды дамыту, академиялық байланыстарды нығайту жөнінде ұсыныстар жасады.
Секция мүшелері мектептер мен колледждерде «Түркі өркениеті», «Түркі мәдениеті», «Көне түркі жазбалары» сияқты факультатив курстарды енгізу мәселесін көтерді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының цифрлық архивтерді дамытуға, жазу лабораторияларын жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік гранттар мен халықаралық жобаларға белсенді қатысуы керектігі айтылды.
Мәжіліс барысында ұсынылған барлық бағыттар бойынша мазмұнды пікірталас болды. Жиында ғалымдар түркітану саласының өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, алдағы жылға арналған стратегиялық міндеттерді айқындады. Қатысушылар түркі әлемінің ғылыми зерттелуін тереңдету, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.
