
Заң мен дәстүрдің күші: Сауле Айтпаева ЕҰУ студенттеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыбында дәріс оқыды










Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен алғашқы қазақ әйел генералы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстан прокуратурасының Құрметті қызметкері, профессор Сауле Айтпаева кездесті. Болашақ заңгерлерге арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» тақырыбындағы ашық кездесуде маңызды мәселелер көтерілді. Дәріс құндылықтар, әділдік және жауапкершілік туралы терең диалогқа ұласты.
Шара барысында Сауле Айтпаева қазіргі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі қырларын ашып көрсетті. Өз тәжірибесінен алынған нақты мысалдармен бөлісіп, қазақтың дәстүрлі қоғам қағидаларын негізге алды. Болашақ заңгерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы тыңдап қана қоймай, кәсіби маманның жеке тәжірибесі арқылы мамандыққа өзгеше көзқараспен қарау мүмкіндігіне ие болды.
Сауле Айтпаева - мол тәжірибесі мен білім қоры бар кәсіби маман. Ол А.А. Руденко атындағы Свердловск заң институтын тәмамдап, өмірінің көп бөлігін прокуратура саласына арнады. Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқарып, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болды. Ол ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына кіреді.
Оның студенттермен кездесуі кәсіби жауапкершілік пен азаматтық сананың дамуына үлес қосқан маңызды сабақ болды.
