
ЕҰУ-да IT және цифрлық трансформация саласындағы халықаралық сарапшы Филипп Вогелеердің дәрісі өтті











Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде IT және цифрлық трансформация саласындағы халықаралық сарапшы Филипп Вогелеер «Цифрлық трансформация және жасанды интеллект: жаһандық трендтер мен практикалық шешімдер» тақырыбында дәріс оқыды. Шараны ENU Graduate School of Business Ұлттық корпоративтік басқару академиясымен (NACG)бірлесіп ұйымдастырды. Дәріс MBA, EMBA және DBA бағдарламалары аясында офлайн және онлайн форматта өтті. Іс-шараға бизнес өкілдері, жоғары білім беру жүйесінің мамандары жәнеквазимемлекеттік сектордың қызметкерлеріқатысты.
Іс-шараны ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов ашып, университет қабырғасында әлемдік деңгейдегі сарапшылардың дәріс оқуы білім мен ғылымның дамуына серпін беретін маңызды бастама екенін атап өтті. Ол сондай-ақ мұндай кездесулер ЕҰУ-дың халықаралық ынтымақтастығын нығайтып, заманауи білім беру кеңістігіне ықпал ететінін айтты.
Кездесу барысында Филипп Вогелеер цифрлық трансформация мен жасанды интеллекттің заманауи үрдістері, олардың бизнес пен қоғамға әсері және практикалық шешімдер туралы өз тәжірибесімен бөлісті. Ол өз сөзінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың Орталық Азияның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызын атап өтті:
«Бүгінгі таңда әлемде 3,4 миллиард адам цифрлық кеңістіктен тыс қалып отыр. Бұл алшақтықты жою жаһандық экономикаға шамамен 3 триллион доллар пайда әкелуі мүмкін. Жасанды интеллект медицина, білім, көлік және ауыл шаруашылығында түбегейлі өзгерістерді қамтамасыз етуде. Мысалы, ақылды жүйелер егін өнімділігін 15–20 пайызға арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге жағдай жасайды», – деді халықаралық сарапшы.
Өз кезегінде ҰАКГ ректоры, Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақытжан Әбдірайым дәрістің білім мен тәжірибе алмасудағы рөліне тоқталды:
«Еуразия ұлттық университеті ғылыми және сараптамалық қауымдастықты қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда. Университет – жаһандық трендтер талқыланатын, идеялар туатын және цифрлық экономикаға мамандар дайындайтын алаң. Мұндай шаралар білім беру, ғылым және бизнес арасындағы байланысты күшейтіп, студенттер мен жас мамандарға әлемдік деңгейдегі сарапшылардан тәжірибе алуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Дәріс соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, Филипп Вогелеер – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры, IT және цифрлық трансформация саласындағы халықаралық сарапшы, Freedom Holding Corp., VeryPay (Швейцария), Sumitomo Corporation (Жапония) компанияларындағы тәуелсіз директор және директорлар кеңесінің мүшесі. INSEAD (Франция) шақырылған лекторы, Institute of Directors (Ұлыбритания) және NACD (АҚШ) ұйымдарының мүшесі.Vodafone, Orange, Ooredoo және Deloitte компанияларында еңбек етіп, цифрлық инновациялар, трансформация стратегиялары және жаһандық экожүйелерді басқару салаларында мол тәжірибе жинаған маман.
