
ЕҰУ-да Zebra Coffee желісінің иесі Ержан Тастамбеков: «Жетістікке жол – тәжірибеден басталады»
ЕҰУ түлегі, Zebra Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы және иесі, ENU Endowment Fund меценаты Ержан Тастамбеков студенттерге арналған ашық дәріс оқыды. Дәрістің негізгі идеясы - жетістікке тек тәжірибе, табандылық және нақты әрекет арқылы қол жеткізу туралы болды. Іс-шараны университеттің маркетинг және түлектермен байланыс бөлімі мен карьера және бизнес-әріптестік бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу барысында Ержан Тастамбеков өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, табысты бизнес құру жайлы айтты. Сондай-ақ студенттердің сұрақтарына жауап беріп, белсенді қатысушыларға Zebra Coffee өнімдерін табыстады. Кәсіпкер тың идеялар енгізу, ерекшелену және үздік болуға ұмтылу жолдарын атап өтті.
«Менің бұл тақырыпты таңдаудағы басты себебім – сіздерге әлеуметтік желілердің шынайы өмірді көрсете бермейтінін жеткізу. Жеңіл жолмен жеткен жетістік – миф. Тәжірибесіз, нақты әрекетсіз және негізсіз табысқа жету мүмкін емес. Жетістік-– бұл кездейсоқтық емес.
Ол университетті 22 жасында тәмәмдаған жастарға 26 жасқа дейін үй алу туралы ойламай тұруды ұсынды. Егер айналаңыздағы жастар 22 жасында байып кеттік десе - бұл жалған. Ондай адамдар жоқ. Егер болса да, олар не кредитке өмір сүріп жатыр, не бәрін ата-анасы сыйлаған», - деп түсіндірді спикер.
Ержан Тастамбеков өз бизнесін ашқысы келетін жастарға алдымен білім алып, тәжірибе жинауға кеңес берді.
«Қазір қарызға батқан қаншама жастар бар. Өйткені олар өз тәжірибесі мен әрекеттерін бастапқыда дұрыс есептей алмады. Оларға қажетті дағдылар жетіспеді. Тәжірибе жинаңыз, еңбек етіңіз, сонда қызықты мүмкіндік туғанда оған дайын боласыз. Жетістік - кездейсоқтық пен сәттілік емес, ұзақ жолдың нәтижесі», - деді ENU түлегі.
Спикер жетістікке жетудің негізгі дағдыларын атап өтті: бірінші – орындаушылық қабілет, екінші - ұйымдастыру, үшінші - басқару, ал соңғы -кәсіпкерлік, яғни жетекшісіз әрекет ету.
Айта кетейік, ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойына орай Ержан Тастамбеков өз альма-матерінің студенттеріне 30 білім грантын тағайындаған болатын. Бұл – жастарды қолдауға және дарынды студенттердің дамуына қосқан елеулі үлес.
Сонымен қатар, 1 желтоқсанда «Zebra Coffee» компаниясына 7 жыл толды. Осыған орай грант иегерлері компания негізін қалаушыны құттықтап, кәсібіне табыс тіледі.
