
ЕҰУ студенттері дрон құрастыру технологияларын меңгереді
















Физика-техникалық ғылымдар институтының Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасының студенттері әскери және азаматтық мақсаттарға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтандырылған кешендерді өндірумен айналысатын «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығында өндірістік тәжірибеден өтетін болады. Кафедра филиалының R&D орталық базасында ашылуы болашақ мамандарға теориялық білімдерін практикада шыңдауға және инженерлік физика бағытында дағдылар алуға мүмкіндік береді.
Филиалдың ашылу рәсімі ЕҰУ және «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы басшылығының, сондай-ақ оқытушылар, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өтті.
«Еуразия ұлттық университетінің Физика-техникалық ғылымдар институтында «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығымен бірлесіп әзірлеген ҰҰА бағыты бойынша білім беру бағдарламасының ашылғанын қуана хабарлаймыз. Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша 21 студент білім алып жатыр. Егер студенттер дрондарды басқаруды және құрастыруды меңгерсе, болашақта ҰҰА-ның техникалық мүмкіндіктерін жетілдіруге жол ашылады», - деді ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай.
Өз кезегінде «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығының Бас директоры Ғани Байсейітов бұл тек жаңа оқу филиалының ашылуы ғана емес, білім, инновация және тәжірибе тоғысатын біртұтас кеңістіктің қалыптасуы екенін атап өтті.
«Бұл жерде студенттер, магистранттар және жас ғалымдар халықаралық стандарттарға сай білім алуға, нақты ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға, заманауи жабдықтармен және технологиялармен жұмыс істеуге, қосарланған мақсаттағы өнімдерді әзірлеу үдерісіне қатысу мүмкіндіктеріне ие болады. Бұл – жастар үшін теңдессіз мүмкіндік, ал еліміз үшін – жаңа буын инженерлерін дайындаудың негізі», - деп атап өтті спикер.
Кездесу барысында Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин мен ҚЖӘТ ғылыми-техникалық зерттеулер бөлімінің бас ғылыми қызметкері Абай Тасбулатов сөз сөйледі.
Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
