
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде IT және цифрлық трансформация саласындағы халықаралық сарапшы Филипп Вогелеер «Цифрлық трансформация және жасанды интеллект: жаһандық трендтер мен практикалық шешімдер» тақырыбында дәріс оқыды. Іс-шара ENU Graduate School of Business пен Корпоративтік басқарудың ұлттық академиясы (NACG) бірлесіп ұйымдастырды. Дәріс MBA, EMBA және DBA бағдарламалары аясында офлайн және онлайн форматта өтті.











Іс-шараға бизнес өкілдері, жоғары білім беру жүйесінің мамандары және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қатысты.
Іс-шараны ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов ашып, әлемдік деңгейдегі сарапшылардың университет қабырғасында сөз сөйлеуі ғылым мен білімнің дамуына серпін беретін маңызды бастама екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай кездесулер ЕҰУ-дың халықаралық ынтымақтастығын нығайтып, заманауи білім беру кеңістігіне интеграциялануына ықпал ететінін айтты.
Кездесу барысында Филипп Вогелеер цифрлық трансформация мен жасанды интеллекттің заманауи үрдістері, олардың бизнес пен қоғамға әсері туралы тәжірибесімен бөлісіп, бірқатар практикалық шешімдер ұсынды. Ол Орталық Азияның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Бүгінде әлемде 3,4 миллиард адам цифрлық кеңістіктен тыс қалып отыр. Осы алшақтықты қысқарту жаһандық экономикаға шамамен 3 триллион АҚШ доллары көлемінде пайда әкелуі мүмкін. Жасанды интеллект медицина, білім беру, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында түбегейлі өзгерістерді қамтамасыз етуде. Мысалы, интеллектуалды жүйелер ауыл шаруашылығы өнімділігін 15–20 пайызға арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайта алады», – деді халықаралық сарапшы.
Өз кезегінде NACG ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Әбдірайым дәрістің білім мен тәжірибе алмасудағы рөліне тоқталды:
«Еуразия ұлттық университеті ғылыми және сараптамалық қауымдастықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Университет – жаһандық трендтер талқыланатын, жаңа идеялар туындайтын және цифрлық экономика үшін мамандар даярланатын платформа. Мұндай іс-шаралар білім, ғылым және бизнестің өзара байланысын нығайтып, студенттер мен жас мамандарға әлемдік деңгейдегі сарапшылардан тәжірибе алуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Дәріс соңында сұрақ-жауап сессиясы өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, Филипп Вогелеер – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры, IT және цифрлық трансформация саласындағы халықаралық сарапшы, Freedom Holding Corp., VeryPay (Швейцария) және Sumitomo Corporation (Жапония) компанияларының тәуелсіз директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар ол INSEAD (Франция) бизнес мектебінің шақырылған лекторы, Institute of Directors (Ұлыбритания) және NACD (АҚШ) ұйымдарының мүшесі. Әр жылдары Vodafone, Orange, Ooredoo және Deloitte компанияларында қызмет атқарған. Цифрлық инновациялар, трансформациялық стратегиялар және жаһандық экожүйелерді басқару салаларында мол тәжірибеге ие.
