
Көрнекті түрколог Немат Келімбетов мұрасын зерделеу: ЕҰУ-да халықаралық ғылыми басқосу өтті














Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Көне түркі жазба мұралары және тіл тарихы мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция жыл сайын өтетін дәстүрлі «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» аясында ұйымдастырылды.
Конференцияны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Немат Келімбетов атындағы түркітану орталығы болды.
Конференцияның мақсаты – көне түркі жазба мұраларының тілдік, тарихи және мәдени қырларын жаңаша ғылыми көзқараспен талқылау, түркі тіл біліміндегі өзекті бағыттарды саралау, сонымен бірге Немат Келімбетовтің түркологияға қосқан үлесін кешенді түрде таныстыру.
Іс-шараға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Татарстан, Корея және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, жас зерттеушілері, докторанттары мен магистранттары, тәжірибелі мұғалімдері, колледж оқытушылары қатысып, өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті.
Конференцияның пленарлық мәжілісіне ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы модераторлық жасады. Конференция жұмысы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауын филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Б.А. Тілептің құттықтауын әлем тілдері факультетінің деканы Еділбай Оспанов, Түркі академиясының Президенті Ш.М. Мұстафаевтың құттықтауын Түркі академиясының вице-президенті Ағаділ Тойшанның жеткізуімен басталды. Жиында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахман мен Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы сөз сөйледі.
Конференцияға жиналған қауым ф.ғ.д., профессор, мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Әділ Ахметовтің, ф.ғ.д., профессор, әдебиеттанушы, түркітанушы ғалым Шәкір Ибраевтың, ф.ғ.д., профессор, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоғлуның, ф.ғ.д., профессор, Башкент университеті Сүер Екердің, Эгей университеті, Түркі әлемін зерттеу институты профессоры Ибраһим Шахиннің, Гүмүшхане университеті профессоры, ф.ғ.д. Жиһангир Қызылөзеннің, ф.ғ.д., доцент Хавасхон Шокированың және ф.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Бекжан Әбдуәлиұлының терең мағыналы ғылыми баяндамаларын тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Конференцияның секциялық отырыстары төрт бағытта жұмыс істеді. Олар: «Қазіргі түркітанудың өзекті мәселелері және Немат Келімбетовтің ғылыми мұрасы; «Қазіргі тіл білімінің даму үрдісі: теория және практика»; «Тіл және әдебиетті оқыту әдістемесі»; «Түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениеті».
Көне түркі жазба мұралары – бұл V-X ғасырлардағы түркі халықтарының жазба ескерткіштері. Бұл жазбалар ежелгі түркілердің тарихы, мәдениеті және әдебиеті туралы құнды ақпарат береді. V-X ғасырлардағы бұл жазуларды көрнекті түрколог Немат Келімбетов секілді ғалымдар терең зерттеп, олардың тарихын, мазмұнын анықтаған және сол заманда жазылған жырларды бүгінгі күнге жеткізген»,- деп атап өтті модератор, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы.
Конференция барысында «Түркі қаржы - сауда лексикасы» атты тарихи салыстырмалы зерттеу кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл кітапта көне және ортағасыр түркі жазба ескерткіштерінен бастап, қазіргі қазақ және түркі тілдерінде қолданылып келе жатқан қаржы-экономика саласындағы терминдер мен атаулар талданған.Сонымен қатар еңбекте қазақ қаржы-экономика лексикасының ішінде негізінен түркі тілдеріне ортақ төл сөздер қамтылған. Түбі түркі сөздерімен бірге ерте дәуірлерде кірген кейбір араб, парсы, моңғол, қытай және орыс тілдерінен енген кірме сөздердің түпкі мағынасы да анықталған.
Қорыта айтқанда, «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары – 2025» аясында өткен бұл халықаралық конференция көне түркі жазба мұралары мен түркі тілдерінің тарихын жаңа ғылыми деңгейде қарастыру, Немат Келімбетовтің түркология, әдебиет тарихы мен түркі дүниетанымын зерттеудегі орны мен ықпалын айқындау, түркі әлемінің тілдік және мәдени бірлігін нығайтуға және филологиялық пәндерді оқыту әдістемесін жетілдіру бағыттарында заманауи мәселелерді шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.
