
Жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттері Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында құстардың есебін жүргізді

2023 жылдың тамыз айында Л.Гумилев атындағы жаратылыстану ғылымдарының факультетінің студенттері Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында өткен «Students for Nature Field Camp 2023» зерттеу далалық лагерь жұмысына қатысты. Аталған лагерь Алматы, Астана, Орал және Атырау қалалары жоғары оқу орындарының 20 студентін біріктірді.
Лагерь бағдарламасының негізгі тақырыбы маңызды орнитологиялық аумақтарды зерттеу және бақылауға (IBA) арналды. Лагерь барысында маршруттар мен су қоймаларындағы құстарды санау, түнгі экскурсиялар, фототұзақтар орнату, дәрістер және шебер сағаттары өткізілді. Қатысушылар күнделікті таңғы жаяу санақ жолдарын қамтып: Сұлтанкелді, Есей, Шолақ, Жұмай көлдерінде құстарға бақылау жүргізді. Бақылаудың барлық күндерінде құстардың 98 түрі, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін құстар белгіленді.
Сонымен қатар студенттер әлемдегі табиғатты қорғаудың сәтті үлгілері жайлы және өздерінің жобалары мен зерттеулерін жоспарлау туралы тың мәлімет алды. National Geographic Qazaqstan фотографтары табиғат аясында кәсіби фотосуретке түсіру бойынша шеберлік сабағын өткізді. Дәрістерді көпжылдық тәжірибесі бар жоғары білікті дала зоологтары, қорық пен АСБК зерттеушілері мен мамандары жүргізді.
Шараның мақсаты – алдағы жылдары табиғатты қорғау саласының мамандары қатарына қосылатын жас мамандарды қолдау және олардың дамуына көмектесу. «Далалық зерттеу лагері мен үшін ұмытылмас шытырман оқиғаларға толы болды. Бұл тек білім беру тәжірибесі ғана емес, сонымен бірге менің зерттеуге деген құштарлығымды бөліскен керемет адамдармен өткізген уақыт болды. Бұл күндер мені мәңгілікке бірге болатын шабыт пен ынта-жігерге толтырды» - деп экология мамандығының студенті
Махмет Нәрқыз ой бөлісті.2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) Шеврон компаниясымен серіктестікте табиғатты қорғау саласында студенттердің әлеуетін арттыруға және жаңа білім мен дағдыларын алуға бағытталған «Students for Nature» жобасын жүзеге асыруда. Жыл бойы ЕНУ студенттері табиғатты сақтау тақырыптарына арналған дәрістерге, қызығушылық танытқан студенттер орнитологиялық экскурсияларға және жабайы жануарларға санақ жүргізу тренингтеріне қатысты.
