
Антикоррупциялық тақырыптағы бейнероликтер байқауында ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері әзірлеген жұмыс ең үздік деп танылды
9 желтоқсан халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академиялық мәселелер жөніндегі, әлеуметтік және азаматтық даму департаменттері мен Антикоррупциялық комплаенс-қызметі ұйымдастырған бейнероликтер байқауы өтті. Шығармашылық сайыстың тақырыбы - «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру».
Байқауға университеттің білім алушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мәселесіне арналған өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Жалпы, факультеттер арасында 7 бейнеролик жіберілді.
Конкурсқа арнайы құрылған комиссия бейнероликтерді сараптап, ең үздік жұмысты анықтады. Жеңімпаз ретінде Ақпараттық технологиялар факультеті танылып, олардың бейнеролигі байқаудың басты жеңімпазы атанды. Марапаттау рәсімін академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай ашты. Сондай-ақ Антикоррупциялық комплаенс-қызметінің жетекшісі Талғат Дарбаев құттықтау сөз сөйледі.
«Ең үздік бейнеролик» деген атаққа ие болған ақпараттық технологиялар факультетіне университеттің имидждік өнімдері сыйлық ретінде табысталды. Барлық байқауға қатысушы студенттер мен магистранттар ректор Е. Сыдықовтың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
