
ЕҰУ-да оқытушыларға арналған «Ұстаз» коворкинг жұмыс істейді
Еуразия ұлттық университетінде оқытушыларға арналған «Ұстаз» коворкинг орталығы жұмыс істейді. Көпфункционалды кеңістік жеке және ұжымдық кәсіби қызмет, келіссөздер жүргізуге және демалыс үшін қолайлы орынға айналды.
ЕҰУ шығармашылық қабілеттер мен креативті дағдыларды дамыту үшін заманауи ашық кеңістіктер құруға баса назар аударады. Бүгінгі таңда университет аумағында 8 коворкинг бар. ЕҰУ басшылығының бастамасымен оқытушылар үшін «Ұстаз» көпфункционалды шығармашылық орталығы биылғы мамыр айында «ENU family day» түлектер слетінде ашылды. Коворкинг басты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан және сыйымдылығы 110 орындық. Ең бастысы, коворкингке арналған жиһазды университет қызметкерлерінің өзі жасап отыр.
«Университеттің ең басты міндеті – студенттерге, оқытушыларға және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау. Коворкинг орталығы университетіміздің үлкен әлеуметтік-мәдени кеңістігінің бір бөлігі болып табылады. Олардың саны жыл сайын арту үстінде. Біз әр ғимаратта осындай ашық алаңдарды құруды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде шығармашылық белсенділікті жандандырып қана қоймай, ұжымдық және жеке жұмыстың тиімділігін арттырады деп сенемін», – деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.
Коворкингте оқытушылар үшін үш аймақ қарастырылған. Біріншісі келіссөздер мен іс-шараларды өткізуге арналса, екіншісі жұмыс үшін, үшіншісі тынығуға арналған.
Айта кету керек, өткен жылы университетте студенттерге арналған 4 коворкинг алаңы ашылды.

