
Қазақстан мен Әзірбайжан ғалымдары ғылыми байланыстарды кеңейтуде

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Т.Каленова мен Г. Абдрахманова, археология және этнология кафедрасының доценті З. Ибадуллаева және «Ортағасырлық деректану» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Ж.Төлеубаев Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының A.А. Бакиханов атындағы Тарих және этнология институтына ресми іс-сапар жасады.
Ғылыми іс-сапар «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-сапар барысында алға қойылған негізгі мақсат - Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясында, Тарих және этнология институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олармен ғылыми байланыс орнату және Баку қаласындағы мұражайлар мен кітапхана қорларында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, материалдар жинау болды.
Іс-сапар Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы, Aббаскули Аға Бакиханов атындағы Тарих және этнология институтында бастау алды. Институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Керим Шүкіров мырзамен кездесу өтті. К. Шүкіров мырза институттың қызметі туралы баяндап, ғылыми зерттеулердегі негізгі бағыттар мен басымдықтарды атап өтті. Кездесу нәтижесінде ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалып, алдағы уақытта бауырлас екі ел арасында бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру жоспарлары жасалынды.
Зерттеу жұмысы Институттың Тарихи этнология бөлімінде жалғасын тапты. Бөлім меңгерушісі - Ильхама Мамедова бөлім қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып, қазіргі таңда Тарихи этнология бөлімінің жетекші ғалымдарының жарық көрген әдебиеттерімен таныстырды. Зерттеу жұмысының аясында бөлім қызметкерлерінен ғылыми жоба тақырыбына қатысты сауалнама-сұхбат алынды.
Зерттеу тобын Әзірбайжан ұлттық ғылым академиясының (AMEA) Орталық ғылыми кітапханасында (MEK) кітапхананың Цифрландыру, инновация және электрондық қызмет көрсету жөніндегі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Орудж Гулиев мырза қабылдады. Орталық ғылыми кітапхана – қорлар мен ғылыми ресурстарға қол жетімділікті қамтамасыз ете отырып, елдің ғылыми өмірінде маңызды рөл атқарады. Қорлардың жалпы көлемі әртүрлі ғылыми салалар бойынша құжаттардың шамамен 2 миллион данасын құрайды. Кітапханадағы әдебиеттер әлемнің 50-ден астам тілдерінде, соның ішінде әзірбайжан, орыс және батыс еуропа тілдерінде ұсынылған.
Кездесу барысында Орудж Гулиев Орталық ғылыми кітапхананың тарихы, оның кең коллекциясы, цифрландыру мүмкіндіктері және оқырмандар үшін жасалған заманауи жағдайлар туралы айтып берді. Кітапхананың қызметі туралы егжей-тегжейлі шолу жасалынды, оның әртүрлі бөлімдері және онда сақталған құнды басылымдар туралы толық ақпарат алынды. Дипломатиялық қор және сирек қолжазбалар қоры мен шетел тіліндегі әдебиеттер қорында жұмыс жасалынды. Кездесу барысында ынтымақтастықтың болашақ бағыттары бойынша ұсыныстар жасалынды.
Зерттеушілер Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы, Тарих және этнология институтының жеке кітапханасындағы кітап қорымен жұмыс жасады. Халық шығармашылығы, салт-дәстүрлер бойынша ақпараттық деректерді жинау, жүйелеу және талдау жұмыстары жүргізілді. Аймақтың халық шығармашылығы мен этномәдени мұрасы туралы білімді сақтауға және насихаттауға арналған ақпараттық деректер мен библиографиялық көрсеткіштер жазып алынды.
Сондай-ақ ғылыми-зерттеу іс-сапары барысында зерттеу тобы мүшелері Әзірбайжанның ең ірі кітапханасы – М.Ф. Ахундов атындағы Әзірбайжан Ұлттық кітапханасында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Баку қаласындағы – Әзірбайжан ұлттық тарих мұражайы, Әзірбайжан ұлттық Кілем мұражайы және Гейдар Әлиев Орталығында болды.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ғылыми жоба тақырыбына сәйкес маңызды әрі тың деректер жинақталып, олар алдағы уақыттағы ғылыми еңбектерде пайдаланылатын болады.
