
«Адал білім - ұлт болашағы» тағылымды кездесуі

2025 жылы 19 желтоқсанда университеттің бас ғимаратында «Адал білім - ұлт болашағы» тақырыбында студенттермен мазмұнды әрі тағылымды кездесу өтті. Іс-шара студент жастардың жоғары белсенділігімен ерекшеленді.
Кездесуді филология факультетінің практикалық қазақ тілі кафедрасының доценттері М.Н.Жұмаділова мен С.Е.Кәрібаева ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – білім беру жүйесінде адалдық қағидаттарын кеңінен насихаттау, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту болды.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақ - қоғам белсендісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы танымал тұлға, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов. Ол өз презентациясында адал білімнің ел болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі екенін атап өтіп, білім саласындағы әділдік, ашықтық пен жауапкершілік мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар спикер жастарды кез келген ортада адалдық қағидаттарын ұстануға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға бейжай қарамауға шақырды.
Кездесу барысында Дидар Смағұлов сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, оны болдырмаудағы азаматтық белсенділіктің рөлі, сондай-ақ жеке тұлғаның ұстанымы мен моральдық құндылықтарының маңызы жөнінде нақты мысалдар келтірді. Оның ойлары студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, мазмұнды пікірталасқа ұласты.
Іс-шараға практикалық қазақ тілі кафедрасының оқытушылары, әлеуметтік ғылымдар және журналистика факультетінің, тарих факультетінің студенттері белсенді қатысты. Кездесу барысында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді.
Кездесу жұмысын практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, ф.ғ.к. С.Е.Кәрібаева қорытындылап, мұндай мазмұнды кездесулер студенттердің азаматтық санасын арттыруға, адалдық пен әділдік құндылықтарын терең түсінуіне ықпал ететінін атап өтті. Студенттер іс-шара жоғары деңгейде өтті деген оң бағасын берді.
