
ЕҰУ студенттеріне атаулы стипендиялар табысталды
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ атаулы студенттік стипендияны алуға арналған байқау қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар «Цифрлық Ұлытау» тақырыбында ғылыми эссе жазу нәтижесі бойынша анықталды. Стипендияларды тағайындау бастамасын Ұлытау өңірінен шыққан меценаттар ЕҰУ және облыс әкімдігі арасындағы меморандумға қол қою барысында көтерген.
Атаулы стипендиялар байқауына Ұлытау облысынан келген ЕҰУ бірінші курс студенттері қатысты. Оған 70-ке жуық үміткер "Цифрлық Ұлытау" тақырыбында өз жұмыстарын жолдады. Ақбота Есенқабыл өзінің жобасын туған өлкенің экологиялық мәселелеріне арнаған. ЕҰУ бірінші курс студенті судың ластануын реттеудің жолдарын ұсынған.
«Мен ЕҰУ студенттеріне атаулы стипендияларды тағайындаған меценаттарға алғысымды білдіремін. Осы іспетті бастамалар жастарды ынталандырады, бұл - біз үшін үлкен жауапкершілік. Мен байқауға ұсынған жұмысымда суды тазартудың заманауи жолдарын қолдануды ұсындым. Идеяларым Ұлытау өңірінің дамуына оң әсерін тигізеді деп үміттенемін», - деп бөлісті ЕҰУ студенті.
Стипендияны Ұлытау облысының меценаттары белгілі қоғамдық қайраткерлер Камал Смайыловтың, Ғибадулла Жәкеновтің және Әжібек Сейіловтің есімдерімен тағайындады. Байқау нәтижесі бойынша ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Дінмұхаммет Мұқатаев, журналистика және саясаттану факультетінің студенті Ақбота Есенқабыл, тарих факультетінің студенті Ерасыл Совет стипендия иегерлері атанды.
«Меценаттар біздің дарынды жастарға қолдау көрсететіні қуантады. Біз бұл стипендиялардың иегерлері өздерінің жобаларын жүзеге асырып, ЕҰУ оқуды тәмамдағаннан кейін туған өлкенің дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз. 2023 жылдың жазында Еуразия ұлттық университеті мен Ұлытау облысының әкімдігі арасында меморандум жасалғанын атап өткім келеді. Құжатта ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттары қарастырылған, соның ішінде университет ғалымдарының облыстың дамуына қосқан үлесі көрсетілген», - деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Серік Мақыш.
Атаулы стипендия алуға арналған конкурсты ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мұхамбет Көпеев өз кезегінде іс-шараның символдық мәні жоғары екенін және ұрпақтар сабақтастығын сипаттайтынын айтты. Қоғам қайраткері Отанға деген сүйіспеншіліктің, тарихи тұлғаларды құрметтеудің маңыздылығын атап өтіп, болашақта осы стипендияларды тағайындауды дәстүрлі түрде дамытуға шақырды.
Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова бұл бастама жастар үшін жақсы мүмкіндік екенін жеткізді. Ол сондай-ақ Ұлытау облысының Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-мен педагогтарды даярлау, туризмді, кәсіпкерлікті және жаңа технологияларды дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді.
