
Университет аудиториясынан - Президенттік сыйлыққа дейін: Саян Есжан еліміздің үздік жас әдебиетшілерінің қатарында

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының алғашқы түлектерінің бірі Саян Есжан жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арналған арнайы Президенттік әдеби сыйлықтың иегері атанды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылы жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арналған арнайы Президенттік әдеби сыйлықты беру туралы» Жарлыққа қол қойды. Сыйлық иегерлерінің қатарында белгілі қазақстандық ақын, журналист, публицист және қоғам қайраткері Саян Есжан бар.
Еңбек жолын Саян Есжан «Арқа ажары» Ақмола облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі ретінде бастаған. 2014–2020 жылдары ұлттық «QAZAQSTAN» телеарнасының «Таңғы ақпараттық бағдарламалар» дирекциясында редактор, сценарист және бас редактор болып жұмыс істеді, 2020–2021 жылдары «Көкше-Контент» ақпарат агенттігінің бас редакторы болды, 2022–2023 жылдары ҚР Президенті Телерадиокомплексының Құжаттық кино орталығының редакторы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта «Хабар» телеарнасының таңғы бағдарламалар бөлімінің бас редакторы.
Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жалын», «Жұлдыз», «Қасым» сияқты басылымдарда және түрлі жинақтарда жарияланған. Халықаралық және республикалық әдеби байқаулардың лауреаты, QALAMDAS–2025 жеңімпазы, Президенттік арнайы әдеби сыйлық иегері.
Поэзиялық жинақтарының авторы: «Інкәр» (2014) және «Жайық жырлары» (2024).
