
ЕҰУ өткен жылды нәтижелі қорытындылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2025 жылды әлемдік және республикалық ауқымдағы айрықша нәтижелермен аяқтап отыр. Университет жетекші ұлттық зерттеу университеті әрі жаңа буын кәсіби кадрларды даярлайтын білім беру хабы ретіндегі позициясын нығайтты. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өтіп бара жатқан жылдағы ең басты жетістіктерін назарларыңызға ұсынамыз.
QS WUR жаһандық білім беру рейтингісінің қорытындысы бойынша ЕҰУ 317-орынға көтерілді. QS World University Rankings: Asia 2026 халықаралық рейтингінде ЕҰУ 61-орынға қол жеткізді. ЕҰУ-дың білім беру бағдарламалары QS World University Rankings by Subject рейтингінің ТОП-200 қатарына енді. ЕҰУ-дың 43 білім беру бағдарламасы «Атамекен» ҰКП–2025 рейтингінің ТОП-3 тізіміне кірді. Еуразия ұлттық университеті алғаш рет Times Higher Education: Interdisciplinary Science Rankings 2026 жаһандық рейтингіне енді. Бұл рейтинг әлем университеттерінің пәнаралық ғылымға қосқан үлесі мен ұстанымын бағалайды. Тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігінің рейтингіне қатысқан ЕҰУ-дың 198 білім беру бағдарламасының 89%-ы үздік деп танылды.
Жылдың маңызды жетістіктерінің бірі - 2565 орындық жаңа студенттер үйі кешенінің және 282 орындық жатақхананың ашылуы болды. Бұл барлық студенттерді қолжетімді, заманауи әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2025 жыл Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғылыми әлеуетін нығайту тұрғысынан да жемісті болды. Университет ғалымдары 4 инновациялық ғылыми жобаны өндіріске енгізді. Соның бірі - Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында сабаннан экологиялық панельдер өндіретін тәжірибелік-өнеркәсіптік зауыттың іске қосылуы.
Ақмола облысының Ақкөл қаласында ЕҰУ-дың жаңартылған PARAM BILIM 2 суперкомпьютерін іске қосу салтанаты өтті. Бұл суперкомпьютер 30-дан астам ғылыми бағыт бойынша модельдеу және аналитикалық есептеулер жүргізу үшін қолданылады.
Биыл ЕҰУ ғалымдары 300-ден астам ғылыми зерттеу жүргізді, оның ішінде 9 халықаралық жоба бар.
ЕҰУ қызметкерлері екінші жыл қатарынан елдің үздік 50 ғалымы рейтингінің көшбасшылары қатарында. Тізімді ЕҰУ академигі, профессор Рәтбай Мырзакұлов бастап тұр.
Жылдың тағы бір маңызды жетістігі - 6 студенттік стартап ЕҰУ бизнес-инкубаторы базасында акселерациядан өтті.
ТМД елдері арасында алғаш рет Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» ғылыми журналы әлемдік беделді «Elsevier» платформасында жарық көре бастады.
Ағымдағы жылы шамамен 5000 бакалавриат және магистратура түлегі ЕҰУ дипломын иеленді.
ЕҰУ жасанды интеллект саласы бойынша алғашқы мамандарын даярлады. Олар - бакалавриаттың 28 түлегі.
ЕҰУ мен Нанькай университеті экономика, халықаралық бизнес және стратегиялық сауда бақылауы бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосты.
Қырғыз Республикасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды. Ош мемлекеттік университеті базасындағы филиал экология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және қызмет көрсету саласы бойынша мамандар даярлайды.
ЕҰУ-да «Inclusion hub» коворкинг-кеңістігінің салтанатты ашылуы өтті. Хабта ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге, сондай-ақ әлеуметтік және психологиялық қолдауды қажет ететін жандарға көмек көрсетіледі.
ЕҰУ футбол командасы Qazaqstan Student League республикалық студенттік футбол лигасының чемпионы атанды.
«Шаңырақ» студенттік театрына халық театры атағы берілді.
Бұл 2025 жылғы жетістіктер Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жоғары әлеуетін, қарқынды дамуын және халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнықты позициясын айқын көрсетеді. Университет жаңа жылға сапалы білім беру, ғылыми көшбасшылық және қоғамға қызмет ету қағидаттарына адал бола отырып, сеніммен қадам басуда.
