
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауы

Жаңа 2026 жылдарыңызбен,
құрметті әріптестер, студенттер!
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректораты және өз атымнан барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа 2026 жылдарыңызбен құттықтаймын.
Қазақ ежелден әрбір жаңа күннен жақсылық күткен, асылдай армандарын айтқан. Оның үстіне өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын жариялау дәстүрге айналды. 2025 жыл айтулы оқиғаларға бай, табысты жыл болды.
QS әлемдік рейтингі бойынша ЕҰУ 317-орынға көтерілді. Университет QS Asia 2025 өңірлік рейтингісінде 65-орын алып, Азияның үздік университеттерінің ТОП-100 тізіміне кірді.
ЕҰУ-да 2656 орындық жатақхана кешені мен 282 орындық жаңа жатақхана ашылып, университет білім алушыларды толықтай жатақханамен қамтамасыз етті.
2025 жылы ғалымдарымыз өнім шығаратын төрт инновациялық жобаны іске қосты. Соның бірі – Тайынша қаласындағы сабаннан плиталар шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіп алаңы.
Келер жылғы маңызды оқиғалардың бірі – Еуразия ұлттық университеті құрылуының 30 жылдығы.
ЕҰУ атағын білім мен ғылым ғана емес, сонымен қатар университетіміздің өміріндегі барлық саладағы нәтижелерде көрсетуде. Мұндай жоғары атақ пен марапатқа ие болып, үлкен жетістікке жету – профессор-оқытушылар құрамы және ұжым еңбегінің нәтижесі.
Құрметті әріптестер, студенттер қауымы!
Күн сайынғы ерен еңбектеріңіз бен белсенділіктеріңіз үшін Сіздерге шын жүректен рахмет айтамын. 2026 жыл бізді одан әрі біріктіре түссін. Біздің барлық игі ниеттеріміз қайырлы істерге толы болсын.
