
ЕҰУ-да университеттің инклюзивті мәдениеті нығайтылуда












Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығының ұйымдастыруымен инклюзивті білім беру ортасын дамытуға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді қолдау мақсатында профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған семинар өтті.
Іс-шараның ашылуында Инклюзивті қолдау орталығының жетекшісі-супервизор Ярослава Ковалева сөз сөйлеп, барлық білім алушылар үшін қолжетімді, қауіпсіз және қолдаушы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру әрбір студентке тең мүмкіндік беруді көздейді. Бұл – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылып отырған осындай мазмұнды кездесулер тәжірибе алмасуға, кәсіби құзыреттерді арттыруға және инклюзия қағидаттарын жүйелі түрде дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті Ярослава Ковалева.
Семинар бағдарламасы аясында жоғары білім беру жүйесіндегі инклюзияның негізгі аспектілері қарастырылды. «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ-ның волонтерлік бойынша тренері Дарья Меренцова инклюзия саласындағы волонтерліктің рөліне және студенттерді әлеуметтік маңызы бар қызметке тарту мүмкіндіктеріне тоқталды.
Практикалық бөлімді «Асыл амал» қоғамдық қорының мамандары ұсынды. Дәрігер-реаниматолог Нұрсұлтан Мұсаев және дәрігер-кеңесшілер Бекайдар Бакиров, Мадияр Жайлаубай, Бекарыс Нұрбекұлы, Ақжүніс Орынбасар инклюзивті университет жағдайында алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдері туралы баяндады.
Цифрлық қолжетімділік мәселелерін Цифрлық даму департаментінің бизнес-талдаушысы Айғаным Бесембаева таныстырды. Қатысушыларға қолжетімді цифрлық ортаны қалыптастыру элементтері ретінде «Smart Voice» құралдары мен дыбыстық гид таныстырылды.
Сондай-ақ қызметкерлер мен оқытушылардың психологиялық денсаулығына ерекше назар аударылды. Психологиялық қолдау орталығының бас маман-психологы Айгерім Қабылғалиева стресс пен кәсіби күйзелістің алдын алу бойынша тренинг өткізді.
Сурдоаударма негіздері бойынша шеберлік сабағын «Қанаттылар» инклюзивті театрының сурдоаудармашысы Айдана Жапарова жүргізді. Қатысушылар есту қабілеті бұзылған студенттермен қарым-қатынас жасаудың бастапқы дағдыларын меңгерді.
Іс-шараның соңында қатысушылармен сұрақ-жауап сессиясы өтті.
