
ФТҒИ-ның екі жас ғалымына Президент атынан пәтер берілді










Жаңа жыл қарсаңында ғылым саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысының атынан еліміздің 10 жас ғалымына Астана қаласындағы A-City тұрғын үй кешенінен пәтер табысталды.
Осы игі бастама аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің үш жас ғалымы баспаналы болды. Бұл - университет ғалымдарының ел ғылымының дамуына қосып отырған үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Пәтер иегерлері қатарында:
Айжан Ахметова - ЕҰУ ғылыми қызметкері, Физика-техникалық ғылымдар институтының «Талапкер» академиясының жетекшісі;
Темірұлан Әлібай - ЕҰУ ғылыми қызметкері, Физика-техникалық ғылымдар институтының «Техникалық физика» кафедрасының доцент міндетін атқарушысы.
Аталған жас ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстары мен білім беру саласындағы белсенді қызметі арқылы отандық ғылымның дамуына үлес қосып келеді. Олардың еңбектері инновациялық жобаларды іске асыруға, ғылыми кадрлар даярлауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат сөз сөйлеп, пәтер иегерлерін құттықтады.
«Бұл бастама – жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми әлеуетті арттыруға және ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау жас зерттеушілердің кәсіби дамуына серпін беріп, отандық ғылымның дамуына үлес қоспақ. Жаңа пәтерлеріңіз тек жайлы өмір сыйлап қана қоймай, тұрақтылық пен әл-ауқаттың берік іргетасына айналсын», - деді министр.
Шара соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап сессиясы өткізіліп, ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.
