
ЕҰУ-да Кітапханадағы факультет күні өтті



















Ғылыми кітапханада университеттің оқытушы-ғалымдарын кітапхананың қызметтерімен, ақпараттық ресурстарымен және олардың мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында «Кітапхана және оқытушы: білім кеңістігіндегі серіктестік» атты факультет күндері өтті.
Іс-шараның ашылуында кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев кітапхананың негізгі қызметтеріне, атқарылып жатқан жұмыстарына және алдағы жоспарларына тоқталып өтті.
ЕҰУ-дың Цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова қазіргі цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы кітапхана қызметіне үлкен міндеттер жүктеп отырғанын айта келе, университет кітапханасының бұл үдерістерге ілесіп заман талабына сай дамып келе жатқанын жеткізді.
Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Байжұман Қашхынбай университеттің цифрлық экожүйесінің ажырамас бөлігі ретінде кітапхананы дамыту стратегиялық басымдықтардың бірі екендігіне тоқталып, сондай-ақ кітапхананың білім беру және ғылыми үдерістерді қолдауға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Факультет күні шарасына келген оқытушы-ғалымдар «Жаңа кітаптар», «ЕҰУ ғалымдарының еңбектері», «Сирек кітаптар мен қолжазбалар», «Брайль қарпіндегі кітаптар» атты кітап көрмелерін тамашалап, өздеріне қажетті ақпараттар мен ресурстар бойынша кеңес алып, пайдалы мәліметтерге қанықты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл шара факультет пен кітапхана арасындағы өзара серіктестікті нығайтуға бағытталып отыр.
