
Ғылыми кітапханадағы ақпараттық іс-шара

Ғылыми кітапханада Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Жоғары колледж оқытушыларына арналған «Кітапхана және оқытушы: білім кеңістігіндегі серіктестік» атты ақпараттық іс-шара өтті.
Ғылыми кітапхана директоры Оразалиев Бақытжан Әсетілдаұлы іс-шараның негізгі мақсаты - оқытушыларды кітапхана қызметінің басты бағыттарымен, қолжетімді ақпараттық ресурстармен және оларды оқу үдерісінде тиімді пайдалану мүмкіндіктерімен таныстыру екендігін атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, кітапхана қызметінің негізгі бағыттары ретінде студенттер мен оқытушыларды оқу және ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету, заманауи технологиялар арқылы электрондық деректерге қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Жоғары колледж директоры Маликов Куанышбек Турарбекович үздіксіз білім беруді жүзеге асыруда Ғылыми кітапхана қызметінің маңызы зор екендігін атап өтіп, колледж бен кітапхана байланысының нығаюына бағытталған әр іс-шараға белсене атсалысуға әзір екендіктерін жеткізді.
Бұдан әрі қатысушыларға кітапхананың электрондық ресурстары мен дерекқорлары туралы кеңінен мәлімет беріліп, «American Corner and Maker Space» орталығының қызметі мен мүмкіндіктеріне шолу жасалды.
Жоғары колледж ұстаздары «Жаңа кітаптар», «ЕҰУ ғалымдарының еңбектері», «Сирек кітаптар мен қолжазбалар», «Брайль қарпіндегі кітаптар» атты арнайы ұйымдастырылған кітап көрмелерімен, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған құрал-жабдықтармен танысып, кітапхананың оқу залдарына экскурсия жасады.
