
ЕҰУ-да «Innovations in Language Education» халықаралық Қысқы мектебі өтті





















5–16 қаңтар аралығында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің шетел тілдері кафедрасы «Innovations in Language Education» атты халықаралық Қысқы мектеп ұйымдастырды. Іс-шара гибридті форматта (офлайн және онлайн) өткізілді. Қазақстан, Ресей, Үндістан және Ұлыбританиядан келген оқытушыларды, зерттеушілер мен практик мамандарды біріктірді.
Қысқы мектептің мақсаты-тілдік білім берудегі өзекті үрдістер мен инновациялық тәсілдерді талқылау, кәсіби диалогты дамыту және лингводидактика, инклюзивті және пәнаралық оқыту, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні шетел тілдерін оқыту үдерісіне енгізу салаларында тәжірибе алмасу.
Қысқы мектеп жұмысына отандық және шетелдік жетекші ғалымдар мен практик мамандар қатысты. Спикерлер қатарында: филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріне арналған ағылшын тілі бойынша мемлекеттік білім беру стандарттары мен оқулықтарын әзірлеу тобының жетекшісі, «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, «Ғылым. Әйел. Қоғам» журналының бас редакторы Танат Аяпова, филология ғылымдарының докторы, профессор, Е. А. Букетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, Kazakh PEN Club мүшесі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Нурсулу Букетова, Үндістандағы Джавахарлал Неру университетінің профессоры, Орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының үндістандық қауымдастығының бас хатшысы Meenu Bhatnagar, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Наталья Жумагулова, PhD, Е. А. Букетов атындағы Қарағанды университетінің шетел тілдері факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Альфия Китибаева, PhD, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Малика Аймагамбетова, Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достығы университетінің (РУДН) өкілі Felicia Bulus; PhD, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың аударма теориясы мен практикасы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Маншук Ескиндирова, филология ғылымдарының кандидаты, Воронеж мемлекеттік университетінің доценті Елена Пивоварова, филология ғылымдарының кандидаты, Воронеж мемлекеттік инженерлік технологиялар университетінің доценті Лидия Витрук, PhD, Prime Plus Training компаниясының аймақтық директоры (Ұлыбритания) Joseph Sheikh; PhD, Nazarbayev University зерттеушісі Philip Montgomery; педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Воронеж мемлекеттік университетінің аударма және кәсіби коммуникация кафедрасының меңгерушісі Лариса Кузьмина болды.
Дәрістер, семинарлар және шеберлік сабақтары аясында коммуникативтік және лингвомәдени тәсілдер, инклюзивті оқыту, пәнаралық жобалар, академиялық оқу, аудиовизуалды аударма, сондай-ақ тілдік білім беру мен ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды.
«Innovations in Language Education» халықаралық қысқы мектебі кәсіби қарым-қатынас пен ғылыми-әдістемелік идеялар алмасуға арналған маңызды алаңға айналып, заманауи тілдік білім берудегі инновациялық тәсілдердің өзектілігін растады.
