
ЕҰУ профессоры Асқар Жүсіпбеков Шанхайда өткен Геосаммитте дәріс оқыды













Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Асқар Жүсіпбеков Tongji University шақыруымен Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өтіп жатқан «Қытай - Орталық Азия» Геосаммитіне қатысты.
Әлемнің жетекші геотехник ғалымдары бас қосқан халықаралық форум аясында ЕНУ ғалымы Қазақстанның грунттық жағдайлары бойынша геоақпараттық деректер базасын әзірлеуге арналған дәріс оқыды. Сонымен қатар ол Павлодар қаласында салынып жатқан алтын өндіру зауытының негізгі цехындағы қадаларды қағу жұмыстарының әсерін геомониторинг арқылы бақылау тәжірибесімен бөлісті.
Геосаммит барысында Асқар Жүсіпбеков пен ЕНУ постдокторанты Анкит Гарг сейсмика саласындағы зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталығына ұйымдастырылған техникалық турға қатысып, вибросейсмикалық платформаның жұмысымен танысты. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінен келген форум қатысушыларына Шанхай қаласындағы жаңа бас теміржол вокзалының құрылыс алаңы таныстырылды.
Геосаммиттің негізгі мақсаты - геотехника саласындағы ғылыми идеялар алмасуды дамыту, сондай-ақ «Құрылыс» мамандығы бойынша білім алатын студенттер, докторанттар мен оқытушылар үшін Қытай мен Орталық Азияның жетекші ғылыми зертханалары мен орталықтарында, оның ішінде Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Tongji University базасында ғылыми тағылымдамалар мүмкіндігін кеңейту.
Форумда Орталық Азия атынан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия елдерінің геотехник-ғалымдары қатысты.
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Геотехникалық институтының постдокторанты, доктор Анкит Гарг студенттер мен жас ғалымдарды 2026 жылы екінші рет өтетін «Геотехникадағы жас таланттар» халықаралық геотехникалық конкурсына қатысу мүмкіндігі туралы хабардар етті. Аталған конкурс ЕНУ базасында Қазақстандық геотехникалық қауымдастықтың және Халықаралық грунттар механикасы мен геотехникалық инжиниринг қоғамының (ISSMGE) TC 305 техникалық комитетінің қолдауымен өтеді.
Жабылу салтанатында профессор Асқар Жүсіпбеков 2027 жылы «Орталық Азия - Қытай» екінші Геосаммитін Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ базасында өткізу туралы бастама көтеріп, Алматы қаласына және Алатау қаласының құрылыс алаңдарына техникалық тур ұйымдастыруды ұсынды.
