
Шетел азаматтарына арналған «Күлтегін» және «Гумилев» стипендияларының иегерлері анықталды













ЕҰУ-дың бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алып жатқан төрт шетелдік білім алушы «Күлтегін» және «Гумилев» стипендияларының иегері атанды. Аталған стипендиялар университет тарапынан ақылы негізде білім алып жатқан шетел азаматтарына төртінші жыл қатарынан тағайындалып келеді.
2022 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Күлтегін» және «Гумилев» стипендияларын өз қаражаты есебінен бөледі. Осы беделді марапаттың иегерлері тегін оқу, жатақханада тегін тұру және ай сайынғы стипендия алу мүмкіндігіне ие болады.
Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап Румыния, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан, Эфиопия, Түркия және Ресей Федерациясынан келген дарынды жастар осы бағдарлама бойынша білім алып келеді.
Биыл «Күлтегін» бакалавриат бағдарламасы бойынша стипендия иегерлері ретінде Муслим Тухашев (Ресей Федерациясы) - халықаралық қатынастар факультетінің білім алушысы, «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасы, сондай-ақ Лейли Метиева (Түрікменстан) - Жоғары білім беру мектебінің білім алушысы, «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасы анықталды.
«Гумилев» магистратура бағдарламасы бойынша стипендия иегерлері ретінде Марина Колыванова (Ресей Федерациясы) - Жаратылыстану ғылымдары институтының магистранты, «Молекулалық биотехнология және биомедицина» білім беру бағдарламасы және Таунар Айдынбек (ҚХР) - филология факультетінің магистранты, «Шетел филологиясы (қытай тілі)» білім беру бағдарламасы анықталды.
«Күлтегін» және «Гумилев» стипендияларының жаңа иегерлерін құттықтаймыз және оқу мен ғылыми қызметтеріне табыс тілейміз!
