
Foundation бөлімі шетелдік тыңдаушыларды бейімдеуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырды



















Жарты жыл ішінде Foundation бөлімі тарапынан 2025-2026 оқу жылына қабылданған 346 шетелдік тыңдаушының әлеуметтік-мәдени және академиялық бейімделуіне бағытталған жұмыс жүргізілді. Оқу жылы дәстүрлі түрде бейімделу апталығымен басталып, оның аясында тыңдаушылар университеттің ішкі тәртібімен, оқу ғимараттарымен, кітапханамен және құрылымдық бөлімшелермен танысты.
Foundation бөлімінің жұмысында шетелдік тыңдаушылардың құқықтық жауапкершілігіне, заң талаптарын сақтауына және жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында түсіндіру іс-шаралары өткізілді, құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған тақырыптық дәрістер мен әңгімелер жүргізілді.
Бейімделу және тәрбие жұмыстары аясында рухани-адамгершілік бағытындағы іс- шаралар маңызды орнын алды.
Тыңдаушылар Республика күні мен Тәуелсіздік күніне арналған іс-шараларға, тақырыптық кездесулерге, дәрістер мен дөңгелек үстелдерге қатысты. Мәдени құндылықтарға баулу жұмыстары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсиялар ұйымдастыру, театр қойылымдарын тамашалау және бөлім оқытушылары ұйымдастырған мәдени-танымдық іс-шараларға қатысу арқылы жүзеге асырылды.
Бейімделу үдерісінің маңызды құрамдас бөлігі Foundation бөлімі тыңдаушыларының университеттің спорттық және қоғамдық өміріне белсенді қатысуы болды. Тыңдаушылар жоғары оқу орнының бірінші курс студенттерімен қатар дәстүрлі университеттік спартакиадаға қатысып, жоғары физикалық дайындық деңгейін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Foundation бөлімі тыңдаушылары жүлделі орындарға ие болып, бөлімді лайықты танытып, университеттің студенттік қауымдастығына табысты кіріккенін дәлелдеді.
Тәрбие жұмыстары бойынша кәсіби және академиялық тұрғыда жоғары жетістіктерге жеткен ғалымдармен өткізілген этникалық тыңдаушыларға арналған мотивациялық кездесулер ерекше маңызға ие болды. Бұл кездесулер аясында тыңдаушылар Қазақстанда, соның ішінде біздің университетте білім алып, ғылым мен кәсіби қызметте табыстарға жеткен ғалымдармен тікелей жүздесуге мүмкіндік алды. Аталған кездесулер болашақ студенттер үшін табысты білім беру траекторияларының жарқын үлгісі, әрі маңызды шабыт көзіне айналды.
Кәсіби бағдар беру аясында тыңдаушылар университеттің білім беру бағдарламаларымен және академиялық мүмкіндіктерімен танысып, Ашық есік күндеріне қатысты. Бөлім оқытушылары тарапынан үздіксіз ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жүргізіліп, арнайы оқулықтар мен жинақтарға, дайындық қосымшаларына және онлайн платформаларына шолу жасалды.
Foundation бөлімінің атқарған жұмысы университеттің әлеуметтік тұрғыда кемелденген, оқу үдерісіне ынталы және академиялық бағдарланған болашақ студенттерді даярлауға қосқан маңызды үлесі болып табылады. Тыңдаушылар алдағы уақытта университет қабырғасында оқуын жалғастыруға дайын.
