
ЕҰУ-да ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерді қолдауға арналған оқыту семинары өтті















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында Астана қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждерге арналған ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерді қолдаудың «1+2» моделі бойынша оқыту семинары өтті.
Іс-шараның ашылуында ЕҰУ әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы құттықтау сөз сөйлеп, инклюзивті білім беруді дамытудағы университеттің стратегиялық бағытына тоқталды.
«Еуразия ұлттық университеті инклюзивті білім беруді дамытуды стратегиялық мақсаты ретінде қарастырады. Біздің міндетіміз - ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға қолжетімді әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, сондай-ақ оларды академиялық, әлеуметтік және кәсіби ортаға толыққанды кіріктіруге жәрдемдесу», - деп атап өтті проректор.
Семинар барысында қатысушыларға арналған мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Атап айтқанда, «Инклюзивті білім беру ортасы: «1+2» моделі бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді сүйемелдеуді ұйымдастыру», «Инклюзия саласындағы волонтерлік», «Цифрлық қолжетімділік құралдары: Smart Voice және аудиогид», «Инклюзивті ЖОО жағдайындағы алғашқы медициналық көмек алгоритмдері», «Есту қабілеті нашар студенттермен коммуникацияның бастапқы дағдыларын қалыптастыру», сондай-ақ «Инклюзия ресурсы ретінде клубтық қызмет: «Көмек» студенттік волонтерлік клубының тәжірибесі» және «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді қолдау: ЕҰУ-дың «1+2» моделі бойынша волонтерлік жұмыс тәжірибесі» тақырыптарында ақпарат берілді.
Іс-шара аясында инклюзия саласына үлес қосып жүрген ЕҰУ «Көмек» волонтерлік клубының мүшелері марапатталып, олардың белсенді еңбегі ерекше атап өтілді.
Семинар соңында қатысушылар ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығының қызметімен танысып, экскурсияға қатысты.
