
Тарихтан болашаққа: ЕҰУ-дың 30 жылдығына арналған арт-дизайн туынды











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойына орай «Қазақ елі – мәңгілік ел: тарих, ғылым, білім, мәдениет» атты арт-дизайн стиліндегі триптих форматындағы көркем туынды ұсынылды.
Шығарманың авторы - Қазақстанның белгілі мәдениет қайраткері, «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының профессоры Ермек Асылханов. Ол Еуразия ұлттық университетіндегі «Гумилев» музейін жасап, оның тұжырымдамасынан бастап соңына дейін басқарған ғалым.
Автордың айтуынша, триптих – бейнелеу өнерінде жалпы тақырыбы, сюжеті немесе композициясы бойынша біріктірілген үш картина. Университетке арналған бұл туындының бірінші композициясы қазақ тарихына арналса, екінші бөлімінде ғылым мен білімнің дамуы көрініс тапқан. Онда мектептің ашылғанына – 160 жыл, институттың құрылғанына –105 жыл, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 30 жылдығы туралы деректер бейнеленген. Ал үшінші композиция бүгінгі күн мен болашаққа бағытталған идеяларды қамтиды.
«Еуразия ұлттық университетіне қандай із қалдыра аламын деген ой мені ұзақ толғандырды. Осы сұрақтан туған идея университеттің қазақ тарихы, ғылымы, білімі мен мәдениетімен біте қайнасқан болмысын ашып көрсетуге жетеледі. Сондықтан әрбір шығармашылық шешім осы құндылықтарды көркем тілмен жеткізуге бағытталды», - деді профессор Ермек Асылханов.
Суретші-дизайнер аталған туындыны Еуразия ұлттық университетіне деген құрметі мен ризашылығының белгісі ретінде сыйға тартқанын жеткізді.
