
ЕҰУ-да Француз тілі мен мәдениеті орталығы ашылды











Еуразия ұлттық университетінде Француз тілі мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара университеттің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Кездесуге Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Францияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері – дипломатиялық канцелярия қызметкері Дамьен Мишель мен мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Себастьен де Куртуа, сондай-ақ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов, факультет декандары, ғалымдар мен студенттер қатысты.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов салтанатты шарамен құттықтай отырып, орталықтың ашылуы университеттің дамуындағы аса маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Қазіргі әлемде француз тілі халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды рөл атқарады. Біздің студенттер үшін француз тілін меңгеру кәсіби және академиялық тұрғыда жаңа мүмкіндіктерге, халықаралық бағдарламалар мен ғылыми жобаларға қатысуға жол ашады. Бұл орталық ЕҰУ-да француз тілін оқып жүрген 200-ден астам студент үшін білім беру базасына айналады. Сонымен қатар, біз орталықты академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық байланыстарды нығайту және ашық, көпмәдениетті академиялық қауымдастық қалыптастыру алаңы ретінде қарастырамыз», - деп атап өтті Ерлан Сыдықов.
Студенттерге француз тілінен сабақ беретін оқытушылар Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жоғары білікті ғалымдары Ницца мен Бордо қалаларында тағылымдамадан өткен және DELF халықаралық сертификаттарына ие.
Өз кезегінде Франция Елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуа Франция мен Қазақстан арасындағы берік әрі ұзақ жылдарға созылған дипломатиялық қатынастарға тоқталып, мұндай орталықтың ашылуы екі ел арасындағы мәдени-білім беру байланыстарды одан әрі нығайтатынын атап өтті. Ол елдер арасындағы диалогтың дәнекері болатын жетекші мамандарды даярлауда университеттердің рөлін жоғары бағалады.
ЕҰУ көптілді білім беру ортасын жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Қазіргі таңда университетте шетел тілдері мен мәдениеттерін оқытуға бағытталған 10-нан астам орталық пен клуб табысты жұмыс істейді.
Көптілді білім беру ортасын дамыту ЕҰУ-ға Францияның жетекші университеттері үшін сенімді әрі сұранысқа ие серіктес болуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ЕҰУ Францияның 11 жоғары оқу орнымен академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық деңгейдегі мамандар даярлау және ғылыми-академиялық кадрлар алмасу бағыттарында белсенді ынтымақтастық орнатуда.
