
Аудиторларды даярлаудағы заманауи сын-қатерлер мен цифрлық шешімдер



Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бизнес және басқару» («Аудит және салық салу») кадрларды даярлау бағыты бойынша РОӘК ОӘБ жобаларды басқару тобының кезекті мәжілісі өтті. Отырысты РОӘК ОӘБ төрағасының орынбасары, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай жүргізді.
Жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, мемлекеттік аудит саласының өкілдері, цифрландыру бағытындағы мамандар және білім беру бағдарламаларын әзірлеуші сарапшылар қатысты.
Мәжіліс барысында «Аудит және салық салу», «Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламаларын жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды. Негізгі назар студенттердің ішкі аудит саласындағы кәсіби құзыреттерін қалыптастыру, сондай-ақ оқу процесінде заманауи цифрлық технологияларды тиімді қолдану мәселелеріне аударылды.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ ішкі аудиторы, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Айгуль Абдрахманова ішкі аудит саласындағы құзыреттерді дамытуға арналған тәсілдер мен құралдар ұсынды. Спикерлер оқу бағдарламаларында практикалық кейстердің, нақты деректермен жұмыс істеуге негізделген тапсырмалардың және кәсіби стандарттарға сәйкестіктің маңызын атап өтті.
Келесі кезекте Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Алтынбек Зулхажав сөз сөйлеп, білім беру бағдарламаларында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін ортаға салды. Талқылау барысында жасанды интеллект құралдарын енгізудің артықшылықтары, оны қолданудағы тәуекелдер және оқытушыға қойылатын жаңа талаптар сөз болды. Қатысушылар цифрлық құзыреттер тек студенттер үшін ғана емес, оқытушылар үшін де маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар «Мемлекеттік аудит» кафедрасының доценті, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Алия Рақаева баяндамасында «Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламасының аясында блокчейн технологияларын қолдану мәселесі қаралды. Бұл бағытта блокчейннің ашықтықты қамтамасыз етудегі, деректердің сенімділігін арттырудағы және аудит үдерісін цифрландырудағы әлеуетін қолдану мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Мәжіліс соңында қатысушылар аудит саласында кадр даярлау сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеу және цифрлық технологияларды оқу процесіне енгізу бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
