
Мұқағали – мәңгілік жыр!



Жақында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінде қауымдастырылған профессор Болатова Гүлжауһар Жамбылқызы жетекшілік ететін «Көзқарас» шығармашылық клубы қазақ поэзиясының дүлдүлі, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Айтатын саған сырым бұл…» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Іс-шараға журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Қуантаев Нұржан Қуантайұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мырзабек Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Дәурен Берікқажы, Халықаралық және республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Ғабиден Қуанышбайұлы, сондай-ақ Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Шурентаев Амангелді Мейрамұлы мен ұстаз Рахима Шәріпқызы қатысты. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академиялық ұтқырлықпен оқып жатқан бауырлас Қырғыз елінің студенттері: Алмазбек кызы Азиза мен Кеңешбек уулу Бектемир де шараға арнайы келіп, екі елдегі лирикалық поэзияны сабақтастырып, сөз сөйлеп, кешке өз үлестерін қосты.
Кештің ашылу сәтінде Мақан Сағи Мұқағалидың «Бүгін менің туған күнім» өлеңін оқып, ақиық ақынның туған күнімен жаршылады. Кеш барысында көрермендерге Мұқағали Мақатаевтың өмір жолын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Ақын шығармашылығына баса назар аударған «Көзқарас» ұйымының мүшелері Ақниет Ализах, Жаңыл Оңалбек, Алтынай Сейдахиметова, Еркежан Сансызбай, Фариза Өтесбай, Гауһар Барат қыран тағдырлы Мұқағалидың өлеңдерін оқыса, Айкен Сарсенбаева белгілі қаламгер, ақын, ғалым Нұржан Қуантайұлының «Мұқағалидың монологын» мәнерлеп жатқа орындап, Мақан Сағи мен Анел Жамбыл Мұқағалиға арнаған авторлық Арнауларын пәшіне келтіріп оқып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Мұқағалидың өлеңдеріне бірнеше ән жазылғаны баршаға аян. Шығармашылық кеште ақынның «Несіне асығады» әнін Индира Сұлтанова, ал «Есіңе мені алғайсың» әнін Гүлжанат Уатхан жанды дауыста шырқады. Бұл кеште сондай-ақ «Көзқарастың» белсенді мүшесі Бек Марқаштың ұйытқы болуымен жоғары мектебіміздің талантты білім алушысы өзі де қатысатын университеттің «Дала сазы» оркестрі өнерпаз жастарының орындауындағы әсем күйлер де көпшіліктің жүректерін тербеді.
Мұқағалиға арналған кеште ақындар да қалыс қалған жоқ. Мұзбалақ ақынның жолын жалғаушы жас қанат ақындар мен қаламгерлер өз өлеңдерін поэзия сүйер қауымға арнайылап оқып беріп, шығармашылықтарын тағы бір мәрте паш етті.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын іссапармен Мұқағали туған жері - қасиетті Қарасазға бардым. Ол жердің табиғаты да, адамдары да ерекше. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін біртуар ақиық ақын Мұқағалидың шығармашылығымен таныс. Ақынға деген құрметі ерекше. Қарасаздан қайтар кезде автобусымызды бір кісілер тоқтатты. Шықсақ, ұстаздар оқушыларын шүрегейдей сапқа тізіп, Мұқағалидың өлеңдерін кезек-кезек оқыта бастады. Қарасаздың кереметі де осында. Ақынның өлеңдерін білмейтін тұрғын жоқ. Оларда осындай дәстүр қалыптасқан»,- дейді «Мұқағали монологы» шығармасының авторы, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантайұлы.
Жүргізуші кеш соңында «Мұқағали – мәңгілік өмір!»,-дей келе ақынның поэзиялық мұрасының мәңгілік жасампаз екендігін айрықша атап өтті. Кеш қатысушылары Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанығып, ақынның өмір жолын, шығармашылығын жаңаша қырынан таныды. Сонымен қатар «Көзқарас» ұйымының жетекшісі білікті ұстаз, қауымдастырылған профессор Гүлжауһар Жамбылқызы кеш соңында келген қонақтардың әрбіріне алғысын айтып, сый-сияпатын ерекше ықыласпен табыстады.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінде ұйымдастырылған «Айтатын саған сырым бұл…» әдеби сазды кеші Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығын еске алып, жас ұрпаққа қазақ поэзиясының құндылығы мен поэзиялық дәстүрін дәріптеудің тамаша үлгісі болды.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ
«Көзқарас» шығармашылық клубының мүшесі,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар
жоғары мектебінің студенті
