
2026 жылғы грант иегерлері студенттеріне міндетті өтеудің жаңа қағидалары түсіндірілді







Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алып жатқан 2026 жылғы бітіруші курс студенттеріне арналған «Жас мамандардың жұмыспен өтеу міндеті» тақырыбында ақпараттық онлайн-кездесу өтті.
Кездесуді Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашхынбай ашып, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған түлектер үшін міндетті жұмыспен өтеуді көздейтін заңнама талаптарының маңыздылығын атап өтті.
Спикер ретінде «Қаржы орталығы» АҚ өкілі Ақзира Серікқалиқызы сөз сөйледі. Баяндамасында жұмыспен өтеу тәртібі, мониторинг жүргізу тетіктері, түлектерді хабардар ету рәсімдері, сондай-ақ міндетті жұмыспен өтеуден босату және кейінге қалдыру негіздері жан-жақты түсіндірілді. Қосымша ретінде жұмыспен өтеу мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер 2026 жылғы ақпан айынан бастап күшіне енгені туралы ақпарат жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығымен мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, дербес жұмысқа орналасу құқығын беру, сондай-ақ жұмыспен өтеу міндетінен босату немесе оны тоқтату қағидалары бекітілген.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарына бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша үш жылдық немесе оқу мерзіміне тең мерзімде жұмыспен өтеу міндеті жүктеледі.
Мониторингке мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған түлектер, оның ішінде «ауыл квотасы» шеңберінде оқуға түскендер, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасының қатысушылары, сондай-ақ педагогикалық және өзге де мамандықтар түлектері, философия докторлары (PhD) және бейіні бойынша докторлар жатады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған педагогикалық мамандықтар түлектері білім беру ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндетті. Философия докторлары (PhD) мемлекеттік органдарда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдар мен олардың бөлімшелерінде, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде», жоғары колледждерде, денсаулық сақтау ұйымдарында және резидентура базаларында жұмыспен өтейді. Ал өзге мамандық түлектері меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтеуге міндетті.
Сондай-ақ ақылы оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысына немесе керісінше ауысқан жағдайда, сондай-ақ оқудан шығарылып кейін қайта қалпына келтірілген кезде жұмыспен өтеу мерзімі нақты оқыған кезеңге пропорционалды түрде есептелетіні түсіндірілді.
Кездесу барысында «Білім туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Комиссия шешімімен азаматтардың жекелеген санаттары үшін міндетті жұмыспен өтеуден босату немесе кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда:
жұбайының (зайыбының) тұрғылықты жері бойынша бос жұмыс орындары болмаған жағдайда;
магистратурада, докторантурада оқуға түсіп, оқуын аяқтаған тұлғалар;
I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
әскери қызмет өткерген азаматтар;
жүкті әйелдер, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баласы бар немесе оны өз бетінше тәрбиелеп отырған тұлғалар;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршылар;
I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау бойынша жәрдемақы алушылар.
Шетелдік білім беру ұйымдарында оқуын жалғастырған тұлғаларға оқу кезеңіне жұмыспен өтеу бойынша кейінге қалдыру беріледі.
«Қаржы орталығы» түлектерге 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар, сондай-ақ EGOV порталы арқылы PUSH-хабарламалар жіберілетінін хабарлады. Орталық 15 минут ішінде жауап беру қажеттігін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Осындай түсіндіру іс-шараларын тұрақты негізде өткізудің маңыздылығы, жұмыспен өтеу міндеттемелерін бұзу тәуекелдерін төмендету және білім алушылар мен түлектердің құқықтық сауаттылығын арттыру тұрғысынан ерекше атап өтілді.
