
Нұрлан имам және танымал спортшы Василий Тахтай студенттермен кездесті
ЕҰУ студенттерімен әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке кеңінен танылған дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы, джиу-джитсу және панкратионнан әлем, Еуразия және Азия чемпионы Василий Тахтай кездесті.
Кездесуде танымал қазақстандық спортшы Василий Тахтай өзінің спорттық өмір жолына және қолға алған жобаларына кеңінен тоқталды. Джиу-джитсудан және панкратионнан әлем чемпионы бүгінде өзінің спорттағы дағдыларын жастарға үйретуде. Ол үш мыңнан аса шәкірт тәрбиелейді. Кездесу барысында Василий Тахтай жастардың назарын салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына аударды және спортпен айналысуға шақырды.
Дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы егеменді елдің болашағы – жастардың тәрбиесінен басталатынын атап өтті. Имам үлкенге құрмет, теріс ағым зардабы, ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, имандылық дін құндылықтары туралы әсерлі әңгіме өрбітті.
- Сіз бен бізге берілген ұлы қасиет ол сөйлеген сөзіңе ие болу, артық сөйлемеу. Мұсылманның ең жақсысы – қолымен немесе тілімен ешкімге зиян келтірмегендері. «Басқа пәле тілден» деп өткен ата-бабаларымыз аңдап сөйлеуді үйреткен. Атамыз қазақ балаларын қарғыс алмай, алғыс алуға тәрбиелейтіні де осыдан, – деді Нұрлан имам.
Кездесу-сұхбат барысында сауал-жауап форматы да қызықты өтті. Жиында жастарға ата-ананы құрметтеу жайлы ақыл-кеңестер айтылды. Имам сондай-ақ, қазақ ұлтының дәстүрі дінмен тамаша үйлесім табу арқылы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді.
