
«Поэзия алыбы – Мұқағали Мақатаев»



























11 ақпан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Тағылым» ғылыми-зерттеу клубының мүшелері мен кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Ей, өмір!» атты тарихи-танымдық әдеби кеш өтті.
Тағылымды шара барысында қатысушыларға ақынның өмір жолы мен шығармашылық белестері кеңінен таныстырылып, оның поэзия әлеміндегі орны мен рухани мұрасының маңызы жайлы мазмұнды деректер ұсынылды. Мұқағали жырларының тереңдігі, шынайылығы мен ұлттық рухты асқақтатар қуаты ерекше атап өтілді.
Кештің интерактивті бөлімінде «Әдеби Kahoot» зияткерлік ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар ақын шығармашылығы бойынша білімдерін сынады. Белсенділік танытқан жастар арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұл бөлім студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, танымдық белсенділігін жандандыра түсті.
Кеш барысында студенттер Мұқағалидың жүрек тербетер өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның поэзиясындағы ұлттық құндылықтар мен рухани тереңдікті ерекше сезіммен жеткізді. Жыр жолдары көрермен көңіліне жылу ұялатты.
Сонымен қатар «Поэзия алыбы – Мұқағали Мақатаев» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның көп томдық жыр жинақтары, жеке кітаптары мен зерттеу еңбектер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы 1954 жылы «Әдебиет және искусство» журналында алғаш жарияланған, 1960 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген өлеңдері, сондай-ақ 1964-1988 жылдар аралығында басылып шыққан кітаптары қойылды. 1964 жылы жарық көрген алғашқы «Ильич» кітабында ақынның жазушы М. Қаратаевқа арнаған қолтаңбасы бар. Көрме оқырмандарға Мұқағали мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.
Әдістеме бөлімінің қызметкері Арманбек Жакейхан ақын сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнін әсерлі орындап, кештің көркемдік мазмұнына айрықша рең қосты.
Іс-шараның басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның поэзиясын жас ұрпаққа таныстыру және әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру болды. Тағылымды кеш жастардың поэзияға деген құрметін тереңдетіп, рухани дүниесін кемелдендіре түсті. Мұқағали шығармалары – мәңгілік рухани қазына, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар асыл мұра.
