
Біздің ғалымдар мемлекеттік ғылыми стипендияларға ие болды





Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тағайындаған мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаттарын марапаттау салтанатты рәсімі өтті.
Кіріспе сөзінде министр Саясат Нұрбек мемлекеттік ғылыми стипендия ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізіп, өз ғылыми мектептерін қалыптастырған, жас әрі дарынды шәкірттер тәрбиелеген және ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалған, ғылым саласында ерекше жетістіктерге жеткен ғалымдарға табысталатынын атап өтті.
Биыл бұл жоғары марапатқа филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Бижкенова, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсекова және PhD, қауымдастырылған профессор Әсел Ақжігітова ие болды. Үш лауреат та Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің шетел филологиясы кафедрасының ғалымдары.
Ғалымдарға лайықты марапат пен сертификаттарды Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Басқарма президенті Ахылбек Куришпаев салтанатты түрде табыстады. Ол республикалық байқау жеңімпаздарын құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
