
ЕҰУ-да әйелдердің көшбасшылықтағы рөлі талқыланды















Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында оқу орнының 30 жылдығына орай «Көшбасшы әйелдер: шыңға шығар жол» атты республикалық семинар өтті. Тағылымды шараны университеттің Кәсіподақ комитеті мен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Семинарға еліміздің барлық өңірлерінен салалық кәсіподақтың еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия өкілдері қатысып, тәжірибе алмасу мен пікірталас алаңын қалыптастырды.
Шараға ЕҰУ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бәкіжан Сейдеш модераторлық етті. Жиында университеттің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов және салалық кәсіподақтың еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасы Индира Сакауова сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры гендерлік саясат мәселесіне арналған жиында әйелдердің ғылым мен білім саласындағы көшбасшылығы қоғам дамуының маңызды факторы екенін атап өтті.
«Ғылымдағы әйелдердің рөлі – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Бүгінде әйел ғалымдар білім мен инновация саласында елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, ғылыми жаңалықтар арқылы мемлекеттің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Олардың табандылығы мен кәсібилігі – ғылымның тұрақты дамуының кепілі», - деді ректор.
Семинар барысында отандық сарапшылар мен ғалымдар әйел көшбасшылығының заманауи қырларын жан-жақты талқылады. Саясаттану ғылымдарының кандидаты Майра Дюсембекова «Жаңа уақыттағы әйел көшбасшы: интеллект, ықпал, нәтиже» тақырыбында баяндама жасап, әйел көшбасшылығының мазмұндық сипатына тоқталды.
«Жаңа уақыттағы әйел көшбасшы – бұл тек жоғары қызметтегі әйел емес. Ол – жауапкершілікті көтерген әр әйел. Қоғамды ұстап тұрған көрінбейтін тіректердің бірі. Сондықтан әйел көшбасшылығы бүгінгі қоғам үшін тек теңдік мәселесі емес. Ол – қоғамның тұрақтылығының, мәдени сабақтастығының және болашақтың сапасының басты шарты», – деді ол.
ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті, PhD Элмира Отар «Қазақстандағы гендерлік саясат және ғылым: әйелдердің қатысуы, жетістігі және кадрлық резерві» тақырыбында сөз қозғап, ғылым саласындағы гендерлік теңдік мәселелерін саралады.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы, PhD Жанар Нақыпбаева «Мәдениеттер тоғысындағы әйелдер: бірегейліктер мозайкасы» тақырыбында баяндама жасады.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасылық және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы, ЕҰУ «Әлеуметтану» білім беру бағдарламасының докторанты Ақнұр Иманқұл «Қазақстандағы әйел көшбасшылығы: құндылық бағдарлар мен әлеуметтік күтулер трансформациясы» тақырыбын көтерді.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог-практик, шешендік өнер тренері Ғибрат Сағындықова «Көшбасшы әйелдің ішкі ресурсы» жөнінде ой бөлісті.
ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті «Аймақтану» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Айнагүл Бекебаева «Ғылымдағы әйелдердің өзін-өзі тануына гендерлік кедергілер» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми ортадағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Ал ЕҰУ жасанды интеллект кафедрасының зерттеушісі Нұрзада Амангелді «Үлкен тілдік модельдерге қалай келдік және ары қарай қалай дамимыз?» тақырыбында баяндама жасап, заманауи технологиялар мен әйелдердің ғылымдағы рөліне назар аударды.
Республикалық семинар аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, әйелдердің ғылым мен білім саласындағы көшбасшылық әлеуетін арттыру, гендерлік теңдікті нығайту және кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейту бағытында ұсыныстар әзірледі.
ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойы аясында өткен бұл басқосу – университеттің білім мен ғылым кеңістігіндегі ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік бастамалардағы да белсенді рөлін айқындай түсті.
