
ЕҰУ-да түлектерге мемлекеттік грант бойынша жұмысқа орналасу ережелері түсіндірілді
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен мазмұнды кездесу өтті. Кездесуді академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай ашып, жиынның мән-маңызы мен мақсатына тоқталды.
«Біз бүгін бітіруші түлектер үшін «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерін арнайы шақырдық. Негізгі мақсат — жұмысқа орналасу тетіктерін түсіндіру және түлектерге грант шарттарын жүзеге асыру ережелерін жан-жақты түсінуге көмектесу», - деп атап өтті проректор.
Кездесу барысында «Қаржы орталығы» АҚ мамандары Ақзира Серікқали мен Ләззат Себепбаева 2026 жылғы түлектерге қатысты қолданыстағы ережелер мен талаптарды жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, мемлекеттік грант негізінде білім алған түлектердің үш жыл мерзімде мамандығы бойынша жұмыс істеу міндеті, ауылдық квота немесе педагогикалық бағыттар бойынша арнайы шарттар талқыланды.
«Бүгінде «Қаржы орталығы» 357 мың түлекпен жұмыс істейді. Мемлекеттік грант иегерлерінің жұмысты өтеу міндеттемесін дұрыс орындауы – олардың кәсіби дамуына жасалған алғашқы жауапты қадам. Біз әр түлекке заң талаптарын түсіндіріп қана қоймай, жұмысқа орналасу жолында әдістемелік қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті «Қаржы орталығы» АҚ-ның аға маманы Ақзира Серікқали.
Сонымен қатар, жас мамандарды жұмысқа орналастыру тетіктері, бос жұмыс орындарын іздеу жолдары, өңірлік еңбек нарығындағы сұраныс, электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелу мүмкіндіктері, «Қаржы орталығымен» кері байланыс туралы айтылды. Кездесу барысында түлектер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Жиында жас мамандардың жұмыспен өтеу талабын орындамаған жағдайда туындайтын қаржылық міндеттемелер, қарызды өтеу тәртібі, кейінге қалдыру немесе босату жағдайлары да түсіндірілді. Әсіресе магистратура, докторантурада оқитын білім алушыларға байланысты мәселелер кеңінен қарастырылды.
Кездесу мемлекеттік грантта оқитын бітіруші курс білім алушылары үшін пайдалы әрі ақпараттық тұрғыдан маңызды болды. Мұндай іс-шаралар түлектердің құқықтық сауаттылығын арттырып, еңбек нарығына сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.
