
Қызметтік іссапар: Мәскеудегі ғылыми іс-шаралар

2026 жылғы 14–18 ақпан аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а., PhD С. Жанжигитов Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласына қызметтік іссапармен барды. Іссапар AP25793567 «Заңгерлердің лингвоконфликтологиялық құзыреттілігін дамытудың педагогикалық моделі (“Еститін мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру аясында)» гранттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтында (Мәскеу қ.) бірқатар ресми ғылыми кездесулер өтті. Атап айтқанда, Институттың орыс тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Павел Алексеевич Катышевпен ғылыми кездесу өткізіліп, кафедра деңгейінде бірлескен академиялық жұмыстардың бағыттары талқыланды. Кездесуде юрислингвистика мен лингвоконфликтология саласындағы зерттеулерді дамыту, тәжірибе алмасу және ортақ ғылыми бастамаларды жүйелеу мәселелері қарастырылды.
Іссапар барысында юрислингвистика бағытына арналған халықаралық конференцияда жоба аясында әзірленген аналитикалық баяндама талқылауға ұсынылды. Талқылау нәтижесінде зерттеу дизайны, деректерді талдау қадамдары және нәтижені қолданбалы деңгейде іске асыру жолдары нақтыланды.
Сондай-ақ, ГЛЭДИС (Құжаттық және ақпараттық даулар бойынша лингвист-сарапшылар гильдиясы) ұйымының Бас директоры, ф.ғ.д., профессор Галина Николаевна Трофимовамен кездесу өтіп, лингвистикалық сараптаманың тәжірибелік кейстері мен кәсіби стандарттары бойынша жеке сұхбат жүргізілді.
Кездесулер барысында төмендегі ынтымақтастық бағыттары айқындалды:
✔️ гранттық жобаны ғылыми сүйемелдеу және бірлескен жұмыс жоспарларын келісу;
✔️ ортақ ғылыми мақалалар әзірлеу;
✔️ қонақ дәрістер ұйымдастыру;
✔️ біліктілікті арттыру курстары бойынша әріптестік.
Бұдан бөлек, 15.09.2025-26.01.2026 аралығында өткен лингвистикалық сараптама курсының нәтижесінде алынған диплом жобаның теориялық және практикалық базасын тереңдетуге қосымша мүмкіндік берді.
Мәскеу іссапары AP25793567 жобасының мақсат-міндеттерін нақтылауға, юрислингвистика мен лингвоконфликтология бағытындағы ғылыми байланыстарды кеңейтуге және қолданбалы нәтижелерді жүйелеуге ықпал етті.
