
ЕҰУ-дің Күміс университетінде 65+ «Kerbez models» тобының қатысуымен «Модельдік жүрістің алғашқы қадамы» атты шеберлік сабағы өтті

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Үздіксіз білім беру институты Күміс университет тыңдаушыларына арналған «Модельдік жүрістің алғашқы қадамы» атты шеберлік сабағын өткізді. Іс-шара қозғалыс эстетикасын, ұлттық дәстүрлерді және белсенді ұзақ өмір сүру философиясын тоғыстырды.
Кездесудің құрметті қонақтары - 65+ санатындағы «Kerbez models» модельдер тобы болды. Аталған топ Қазақстан атынан Италия, Германия, БАӘ, ТМД елдері және республика қалаларында өткен халықаралық сән көрсетілімдеріне қатысқан. Олардың қатысуы шараға ерекше мән беріп, дефиле сабағын ғана емес, батылдық пен өзін-өзі жүзеге асырудың жарқын үлгісін көрсетті.
Кеш жүргізушісі Алмагүл Баяхмет топтың құрылу тарихы мен аға буын өкілдерінің белсенді өмірлік ұстанымын қолдауға бағытталған еріктілік миссиясы туралы баяндады. Ұлттық киім топтамалары қазақ әйелінің көпқырлы бейнесін – дәстүр сақтаушысы, мәдени мұра иесі әрі заманауи қоғамның белсенді тұлғасын айшықтады.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «Шапан» топтамасының көрсетілімі тудырды. Бұл жинақта ұлттық киім жаңа қырынан - талғампаз, заманауи әрі айбынды сипатта ұсынылды. Топ жаттықтырушысы Томирис Байтенова шеберлік сабағының тәжірибелік бөлімін өткізіп, тыңдаушыларды дұрыс дене қалпы, қадам техникасы және модельдік жүрістің түрлерімен таныстырды. Қатысушылар кәсіби дефилені тамашалап қана қоймай, өздері де модель рөлін байқап көрді.
Тыңдаушылар шараның танымдық әрі шабыттандыратын сипатын атап өтіп, оның ұлттық мәдениетті дәріптеу мен белсенді ұзақ өмір сүру идеясын насихаттаудағы маңызын ерекше атап өтті. Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша Күміс университет жанынан «Дефиле» клубын құру бастамасы көтерілді. Алдағы уақытта бұл клуб аясында сән көрсетілімдері мен жастармен ұрпақтар диалогы форматындағы бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
Барлық жастағы азаматтарға қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім беру, тұлғалық даму, когнитивтік қабілеттерді жетілдіру, жаңа құзыреттер қалыптастыру, кәсіби өсу мен өмір сапасын арттыру - Үздіксіз білім беру институты қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
