
Жаңа білім беру бастамасы студенттер мен оқытушылардың әртүрлі буындарын біріктіреді







Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті Басқарма отырысында университеттің білім беру ортасында ұрпақтар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған Үздіксіз білім беру институтының «Ұрпақтар диалогы» жобасы мақұлданды.
Жобаның идеясы Eurasian Silver Forum - «Белсенді ұзақ өмір сүру және 50+ білім беру» форумы аясында қалыптасты. Форум барысында Үшінші жастағы университеттердің халықаралық қауымдастығының президенті, Тулуза - Жан Жорес университеті профессоры Франсуа Веллас университетте аға буын өкілдері мен жастардың бірлескен жобалық қызметі бар-жоқтығы жөнінде маңызды мәселе көтерді. Осы кәсіби әрі мазмұнды диалог ұрпақтар арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл моделін қалыптастырудың тұжырымдамалық негізіне айналды.
«Ұрпақтар диалогы» жобасы университеттің стратегиялық дамуының 2-бағыты - «Академиялық артықшылық: ENU - Academic Excellence University» аясында іске асырылады және диалогқа қабілетті, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, үздіксіз білім алуға бейім, белсенді азаматтық ұстанымы бар зияткер тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
Жобаның негізгі мақсаты – ЕҰУ-дің Күміс университеті базасында күміс жастағы адамдар мен жастар арасында білім, өмірлік және кәсіби тәжірибе алмасуға, өзара құрметті нығайтуға, әлеуметтік белсенділік пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға арналған тұрақты білім беру және коммуникациялық платформа құру.
Жоба аға буынның өмірлік әрі кәсіби әлеуетін жастардың инновациялық, цифрлық және зерттеушілік ресурстарымен ұштастырады. Іске асыру формалары ретінде бірлескен дәрістер, диалог алаңдары, пікірталас клубтары, шеберлік сыныптары мен тәлімгерлік практикалар қолданылады. Бұл жұмыстар «Күміс жас – жастарға» және «Жастар – күміс жасқа» форматтарында жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда жоба Күміс университеттің білім беру бағдарламаларына, сондай-ақ ЕҰУ студенттерінің тәрбие және әлеуметтік қызметіне интеграцияланған. Оның аясында өмірлік құзыреттерге, мәдениетке, тарихқа, кәсіби және әлеуметтік тәжірибеге арналған модульдік курстар жүзеге асырылуда.
2026 жылы «Спичрайтинг және шешендік өнер» курсының қорытындысы бойынша Дискуссиялық клуб құрылды. 2026 жылғы 16 ақпанда жастардың саяси «Агора» клубымен бірлескен отырыс өтті. Қатысушылардың пікірінше, бұл кездесу мазмұнды әрі толыққанды ұрпақаралық диалогтың жарқын үлгісіне айналды. Қоғамдық-саяси мәселелер мен Жан Бодрийяр философиялық тұжырымдамалары талқыланған отырыста студенттердің академиялық білімі Күміс университет тыңдаушыларының бай өмірлік және кәсіби тәжірибесімен үйлесімді толықтырылды.
Дискуссиялық клубтың жетекшісі Онучко М.Ю. Күміс университет тыңдаушыларын тәлімгерлік қызметке тарту бастамасын көтерді. Қазіргі уақытта Болашақ журналистермен диалогтық кездесулер ұйымдастыру мақсатында Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебімен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
«Цифрлық сауаттылық» курсы ерекше қызығушылық тудырды. Курсты жүргізген жас ғалым Копеев Ж.Б. күміс жастағы тыңдаушылардың жоғары мотивациясы мен белсенділігін атап өтті. Бұл бағыт «Жасанды интеллект және цифрлық сауаттылық: жаңа дәуір құралдары» атты курспен жалғасын тауып, оны Кусепова Л.Т. жүргізуде.
Ағылшын және француз тілдерінде жүзеге асырылатын Саяхат пен экскурсияға арналған лингвистикалық курс тұрақты сұранысқа ие. Қорытынды сабақтарды өткізуге күндізгі бөлім студенттері белсенді қатысты. Курс туризм кафедрасымен бірлесе ұйымдастырылып, оқытудың практикалық бағытын күшейтті.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» курсы аясында омбудсмен Шапекова Н.Л. қатысуымен салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану мәселелеріне арналған дәрістер мен шеберлік сыныптары өткізілді:
«Нутрициология негіздері», «Ересек жастағы денсаулық және аюрведа», «Денсаулыққа арналған жеке рационым».
Іс-шараларға Күміс университет тыңдаушыларымен қатар ЕҰУ студенттері де қатысып, ұрпақаралық өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Жоба университеттің дене шынықтыру және спорт кафедрасымен және спорт кешенімен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. Респонденттерге сауалнама жүргізіліп, зерттеу жұмыстары атқарылуда, сондай-ақ салауатты өмір салты қағидаларын қалыптастыру мен насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Барлық жас санатындағы азаматтар үшін қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім беру ортасын қалыптастыру Үздіксіз білім беру институтының басым бағыты болып табылады. «Ұрпақтар диалогы» жобасы осы міндеттің нақты көрінісі ретінде университеттік ортада ұрпақаралық серіктестіктің тұрақты әрі тиімді моделін ұсынады.
