Freedom Holdinq Corp және ENU Endowment Fund студенттерге шәкіртақы табыстады
«Freedom Шапағат» корпоративтік қоры Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бакалавриатының және колледжінің 10 студентіне бір жылдық шәкіртақы тағайындады.
Бір жылдық шәкіртақыға университеттің 6 студенті және колледждің 4 білім алушысы ие болды. Олардың көбі ақылы негізде білім алады.
«Өткен жылы ЕҰУ түлектері дарынды студенттерімізді қолдау мақсатында ENU Endowment Fund құрды. Біздің эндаумент қорымыздың бастамасымен әлеуметтік қолдауды қажет ететін студенттерге жыл бойы үлкен көмек көрсетілді. Бір қуантарлығы, эстафетаны түлектеріміз бен меценаттарымыз ғана емес, ірі компаниялар да жалғастыруда. Бұл «Freedom Шапағат» қорымен ынтымақтастығымыздың ұзақ жолындағы алғашқы жоба деп білеміз. Бизнес пен түлектердің білімге инвестиция салуы – дамыған қоғамның көрсеткіші», – деді ЕҰУ Стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.
Шәкіртақыларды «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры тағайындады. Экономикалық және ақпараттық технологиялар бағытында білім алатын студенттер арасында іріктеу өткізілді. Шәкіртақы иегерлері ғылыми жұмыстар, оқу үлгерімінің көрсеткіштері, ынталандыру хаттары және бейне форматта өзін-өзі таныстыру нәтижелері бойынша анықталды.
«Білім тұрақты болашақты қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бұл шәкіртақы студенттердің одан әрі жетістіктерге жетуіне ынталандырады деп үміттетенеміз. Стипендия иегерлерлеріне өзін-өзі дамытуға және өсуге деген ұмтылысты үнемі қолдауды тілеймін. Сіздер әділетті, экологиялық тұрақты және гүлденген болашақты қалыптастырасыз. Сіздерде alumni-ден студенттерге қолдау көрсету, студенттер мен сыртқы әлем арасындағы байланыс үшін эндаумент қорын құрған өте жақсы ұйым бар екенін көріп отырмын», - деді «Freedom Шапағат» қорының президенті Бағлана Мусина.
ЕҰУ колледжінің 3 курс студенті Іңкәр Қайратова шәкіртақы байқауы оның алдынан жаңа перспективалар ашқанын айтады.
«ЕҰУ студенттеріне ірі компаниялар мен түлектер тарапынан үлкен қолдау көрсетілетініне өте қуаныштымын. Бұл мүмкіндік бізді ынталандырады және даму мен кәсіби өсудің жаңа көкжиектерін ашады. Білім саласына салынған инвестиция барлығына үлгі, бұл тәжірибе болашақта дәстүрге айналатынына сенімдімін», – дейді Іңкәр.
ЕҰУ экономика факультетінің 4 курс студенті Рамазан Мұхаметжанов ақылы негізде білім алады. Ол демеушілер мен өз университетінің сенімін ақтауға тырысатынын айтады.
«Ақылы бөлімде оқып жатқандықтан, бұл мүмкіндікті пайдалану мен үшін аса маңызды болды. Осындай тамаша қолдауды ұйымдастырғаны үшін өзімнің сүйікті университетім мен қаржылай қолдаушыларға алғыс айтамын. Бұл ғылыммен одан әрі айналысуға және ізденуге серпін береді», - деді ЕҰУ студенті.
Шәкіртақыларды табыстау салтанатына Қаржы нарығы кеңесінің жауапты хатшысы Сергей Эрлик, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер де қатысты.
Айта кетейік, 2022 жылы университет түлектерінің бастамасымен ENU Endowment Fund құрылған болатын. Оның қызметі аясында дарынды және мұқтаж студенттерге қолдау көрсетіледі. Аз ғана уақыт ішінде эндаумент қор ЕҰУ-дың 30-ға жуық студентін ай сайынғы шәкіртақылармен және оқу гранттарымен қамтамасыз етті.