
Криптология кафедрасында Уикипедияның 25 жылдығына арналған әдістемелік семинар өтті

Университетте Уикипедияның 25 жылдығына орай қазақша Уикипедия әкімшілерінің қатысуымен әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Семинар криптология кафедрасының магистранттары мен докторанттарына арналды және ғылыми контентті ашық онлайн энциклопедияда жүйелі түрде ұсынудың әдістемелік қырларын талқылауға бағытталды.
Іс-шара криптология саласында мамандар даярлаудың отандық жүйесін дамытуға арналған Жол картасының «Криптологияны танымал ету» тармағын іске асыру аясында өткізілді. Сондай-ақ семинарда вице-министр Т. Ешенқұловтың Ашық онлайн энциклопедияға (Уикипедия) қатысты тапсырмалары, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі тарапынан қойылған талаптар назарға алынды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іс-қимыл жоспарының 52-тармағына сәйкес ақпараттық кеңістікте қазақ тіліндегі ғылыми контенттің үлесін арттыру, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту міндеттері талқыланды. Осыған орай Ашық онлайн энциклопедияны (Уикипедияны) қазақ тіліндегі ғылыми және энциклопедиялық мақалалармен, жарияланымдармен, еңбектермен және деректермен толықтыру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар қарастырылды.
