
ЕҰУ-да Лу Бань шеберханасында жасанды интеллект бойынша республикалық курс өтуде











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстанның барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған «Жасанды интеллект: теориядан практикаға (Лу Бань шеберханасы базасында)» біліктілікті арттыру курсын ұйымдастыруда.
Курс заманауи жасанды интеллект технологияларын тереңдетіп оқытуға және оларды білім беру үдерісіне енгізу әдістемелерін меңгеруге бағытталған. Бағдарламаға келесі жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда: Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Satbayev University, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қазақ ұлттық спорт университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты, Астана медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Esil University, Turan University.
Оқыту аралас форматта ұйымдастырылған, бұл іргелі теориялық білімді тәжірибелік дағдыларды жетілдірумен ұштастыруға мүмкіндік береді. Теориялық бөлім онлайн форматта өткізіліп, тыңдаушыларға жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандардың дәрістеріне қолжетімділік беріледі.
Бағдарламаның негізгі кезеңі – ЕҰУ жанындағы Лу Бань шеберханасы базасында өтетін офлайн практикалық интенсив. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл бірегей алаң оқытушыларға озық технологияларды меңгеріп қана қоймай, өз оқу орындарында кейіннен қолдануға арналған нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаны сәтті аяқтаған қатысушыларға 72 академиялық сағат көлеміндегі біліктілікті арттыруды растайтын белгіленген үлгідегі сертификаттар табысталады.
