
ЕҰУ-да Инклюзивті қолдау орталығы «1+2» моделі бойынша оқыту семинарын өткізді





















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уиверситеті Инклюзивті қолдау орталығының ұйымдастыруымен ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерді сүйемелдеудің «1+2» моделі бойынша оқыту семинары өтті.
Іс-шара Maqsut Narikbayev University базасында ұйымдастырылып, оған университет волонтерлері қатысты. Бағдарлама инклюзивті білім беру ортасында жұмыс істеудің практикалық дағдыларын қалыптастыруға және қолдау мен өзара көмек мәдениетін дамытуға бағытталды.
Семинар нумизматикалық көрмемен басталды – «Қазақстандағы ақша айналымының тарихы: үш дәуір - бір ел». Көрмені Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің 2-курс студенті, «Көмек» клубының төрағасы Руслан Ержанов таныстырды. Сонымен қатар, «Болашақты өзгертетін студенттер» атты ерекше білім беру қажеттілігі бар табысты студенттердің фотокөрмесі ұсынылды.
Ресми бөлімде Инклюзивті қолдау орталығының жетекші-супервизоры Ярослава Ковалева құттықтау сөз сөйлеп, инклюзивті білім беру ортасын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Бағдарламаның негізгі бөлімінде:
- «Инклюзивті білім беру ортасы: «1+2» моделі бойынша ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерді сүйемелдеуді ұйымдастыру» тақырыбында баяндама жасалды;
- «Көмек» студенттік волонтерлік клубының инклюзия ресурсы ретіндегі тәжірибесі ұсынылды;
- «Инклюзия саласындағы волонтерлік» тақырыбы талқыланды;
- Инклюзивті ЖОО жағдайында алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдері түсіндірілді.
Алғашқы медициналық көмек бойынша бөлімде төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібі, қауіпсіздік қағидаттары және ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге көмек көрсету ерекшеліктері практикалық түрде көрсетілді.
Сондай-ақ, «1+2» моделі бойынша волонтерлердің нақты жұмыс тәжірибесі таныстырылды. Волонтерлер студенттерді академиялық және әлеуметтік тұрғыда сүйемелдеудің кезеңдері мен жауапкершілік шекараларын түсіндірді.
Семинар барысында сурдоаудармашы Айдана Жапарова қатысып, ым-ишара тіліндегі аударманы қамтамасыз етті. Қатысушыларға сурдоаударма негіздері түсіндіріліп, ым-ишара тілінің базалық элементтері көрсетілді.
Іс-шараның қорытындысында ым-ишара тілінде инклюзивті флешмоб ұйымдастырылды, одан кейін ашық микрофон форматында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Қатысушыларға сертификаттар табысталып, қорытынды сөз айтылды.
Семинар университет волонтерлерінің инклюзивті ортада жұмыс істеу құзыреттілігін арттыруға және ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерді сүйемелдеудің тиімді моделін тәжірибеде қолдануға бағытталды.
